Тоқаев: Тиімсіз тенденцияларды біржола жою қажет

/image/2020/12/10/crop-141_3_716x954_2020060308550995263_2020060307451056668_200603072207802e.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысын өткізді, деп хабарлады Ақорда сайты.

Президент жоғары кеңесте сот және құқық қорғау жүйелерін реформалау мәселесіне назар аударды.

Оның сөзінше, сот және құқық қорғау қызметіне озық IT-технологияны енгізу және цифрландыру жұмыстарын жалғастыру керек. Судьялар корпусы мен құқық қорғау органдарындағы жеке құрамның кәсіби біліктілігін арттыруға баса мән беру қажет.  

– Бізге жүйелі, соның ішінде, кадрлық сипаттағы шаралар қабылдау керек. Жоғарғы Соттың судьясы немесе облыстық соттардың төрағасы болсын судья лауазымына  тағайындаған кезде, ең алдымен, судьялар корпусының өзінде үлкен мәселе туындайды. Олар бір-бірін кәсіби біліксіз, жеке және басқа да байланыстарын пайдаланады деп кінәлайды. Осы тиімсіз тенденцияларды біржола жою қажет, – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде реформалар жүргізу барысында барлық заңнамалық өзгерістер мұқият әрі егжей-тегжейлі пысықталуы керек екенін айтты.

– Бұл жерде мынадай мәселелерді түсіну маңызды: Қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық заңнаманың жиі өзгеруі құқық қолдану тәжірибесінің тұрақтылығына нұқсан келтіреді. Қателесу қаупін арттырады. Бұл азаматтарымыздың тағдырына әсер етуі мүмкін. Сондықтан бұл бағыттағы қадамымыз дұрыс. Келесі жылы осы саладағы реформалар жақсы қарқын алып, нақты нәтижелер көрсетуі тиіс, – деді Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары мемлекеттік басқарудың барлық жүйесі Қазақстан халқына адал, шынайы қызмет етуі керек екенін айтты. Мемлекеттік басқарудың барлық жүйесін – мемлекеттік қызметтен жергілікті өзін-өзі басқару деңгейіне дейін іс жүзінде қайта құру қажет.

Жиын қорытындысы бойынша, президент жанындағы реформалар жөніндегі жоғары кеңестің 2021 жылға арналған жұмыс жоспары және консультативтік комитеттердің құрамы бекітілді.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар