Мемлекетке қарасты компанияларды құруға жарияланған мораторий ұзартылады

/image/2020/12/11/crop-252_35_1861x2482_2020_07_01_123946522400.jpg

Квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға жарияланған мораторий ұзартылады. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Алтын сапа" конкурсының жеңімпаздарын марапаттауға арналған онлайн шарада айтты. 

Мемлекет басшысы пандемия мен әлемдік экономикалық дағдарысқа қарамастан, 11 айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 3,3 процент деңгейінде сақталып отырғанын ерекше атап өтті.

– Биылғы 1 қаңтардан бастап менің Жарлығыммен шағын және микро кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге алдағы үш жылға мораторий енгізілді. Менің тапсырмам бойынша Үкімет пен Ұлттық палата реттеу саясатының жаңа әдістерін әзірлеуге кірісіп кетті. Келесі жылдан бастап қазіргі талаптарды қайта қарау және «жаңадан реттеу» қағидатын енгізу жөніндегі заңнамалық нормалар біртіндеп қабылданатын болады. Бұл бизнесті «ақылды реттеудің» түбегейлі жаңа жүйесін қалыптастыра отырып, маңызды емес ережелер мен қайталанатын талаптарды алып тастауға мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.   

Президент экономиканы мемлекет меншігінен одан әрі алу ісі нақты бәсекелестікті дамытуда және әр кәсіпкерге шын мәнінде тең мүмкіндік беруде маңызды рөл атқаратынын айтты.

– Біз мемлекеттің экономикаға араласу үлесін айтарлықтай азайту үшін біртіндеп жағдай жасаймыз. Биыл квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға жарияланған мораторий аяқталады. Бұл бағыттағы мақсатқа әлі толық қол жеткізілген жоқ деп санаймын. Сондықтан менің Жарлығыммен аталған мораторий келесі жылдың аяғына дейін созылады. Мемлекет оңтайлы бизнес орта қалыптастырудан бөлек, еліміздегі кәсіпкерлікті жан-жақты дамыту үшін жүйелі шаралар қабылдамақ, – деді мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы пандемия кезінде бизнес несиелерді қайтару мерзімін шегеруге мүмкіндік алғанын және салықтан босатылып, басқа да жеңілдіктер мен артықшылықтарға ие болғанын атап өтті. Көрсетілген қолдаудың жалпы көлемі 1,5 триллион теңгеден асқан.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар