18-20 желтоқсан күндері "Алматы облысының ішкі саясат басқармасы" мемлекеттік мекемесі мен "Jetisyﱟﱟ Media" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен БАҚ өкілдері арасындағы I республикалық "Press Summit" өтті. 14 облыстың тілшілері мен баспасөз хатшылары шақырылған саммитке Қамшы тілшісі қатысып, үш күнде алған әсерін бөліседі.
Бір саланың әр тармағында жүрген әріптестер арасында іскерлік байланысты нығайту мақсатында ұйымдастырылған саммит үш күнге созылды. Осы күндерде қатысушылар тек ақпарат, мәлімет қана алып қоймадық. Алматы облысының мәдени-тарихи жерлерімен, кәсіпкерлік нысандармен, табиғи демалыс орындарымен таныстық. Еркін форматта ұйымдастырылған іс-шарада әріптестер өзара тәжірибе алмасып, көкейде жүрген сұрақтарымызға жауаптар алдық.
Бірінші күн
Турдың алғашқы күнінде саммит қатысушылары Қарасай, Жамбыл аудандарына жол тартты. 14 облыстан келген медиа саласындағы мамандарды ең әуелі елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Атамекен" тарихи-мәдени орталығына апарды. Таныстырушы тұңғыш президенттің туған жері, өскен ортасы, достары жайлы ақпараттарды мұражайды аралата жүріп баяндады. Елбасының қолданған құрал-жабдықтары, мінген көлігі мен әлемнің түкпір-түкпірінен келген естелік сыйлықтарының түпнұсқаларын көрсетті.
Келесі кезекте ұйымдастырушылар Шамалған ауылында бой көтерген "Үшқоңыр" спорт кешеніне апарды. Кешенде бокс, күрес, таеквондо, тренажер залдары және жүзу бассейні, теннис корты, тағы басқа көпфункционалды залдар бар.
Кешен қызметкерлерінің сөзінше, спорт кешеніне балалар мен жасөспірімдер тек белгілі бір спорт түріне қатысу үшін ғана келмейді. Ол жерде оқушылар мектеп бағдарламасы негізінде білім алады, спорт жарыстарына қатысады.
Бұдан соң Қырғауылды ауылындағы "Батыр бабалар" мемориалды музейіне жол түсті. Көне жәдігерлер, батырлардың экспонаттары еліміздің сан ғасырлық тарихынан сыр шертеді. Жеріміз үшін жанын берген бабаларымыздың ерліктерін көрсететін портреттік галереялары ерекше әсер қалдырды.
Ұйымдастырушылар келесі кезекте Жамбыл ауданындағы ақын атамыз Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейін аралатты. Мұражайдың іргесінде ақынның өзі еккен қос терегі, көзі тірісінде егілген алма мен алмұрт бағы бар. Осы қалың баудың арасында 1946 жылы салынған кесене тұр. Кесене 1970, 1996 жылдары қайта жөнделіп, ақ мәрмәрмен қапталған.
Ақын атамыз өмір сүрген үй, яғни мұражайдағы бөлмелер сол күйі сақталған. Он екі бөлменің әрқайсысында атаның өзі пайдаланған тұрмыстық заттары – қымыз ішкен ыдыстары, дәрет алған құмандары, кітаптары, домбыралары тарихтан сыр шертіп тұр. Әрбір зат ақын өмірінің тікелей куәгері іспетті.
Әдеби-мәдени мұражайларға сапардан кейін Қасымбек ауылындағы түрлі металл құрылғыларын шығаратын "Тексан Қазақстан" зауытына апарды. Зауытта бір айда кеңсе, көше, тұрмысқа қажетті 300 түрлі шам шығарылады. Сондай-ақ оқушы парталары, көшеге, саябаққа арналған әдемі орындықтар, кеңсе сейфтері секілді басқа да сапалы бұйымдар жасалады.
Кәсіпорынның бес қалада бөлімшесі, 12 аймақта ресми өкілдері бар. Зауыт өнімдері жақын шет мемлекеттерге, Парсы шығанағы мен Латын Америкасына да экспортталады.
Екінші күн
Саммиттің екінші күні "Ой-Қарағай" тау-шаңғы кешенінде жалғасын тапты. Бұл демалыс орны Талғар ауданы Бесқайнар ауылы маңында орналасқан. Аумағы 85 гектарды алып жатқан демалыс орны күніне бес мың адамды қабылдай алады.
Саммит қатысушылары кешенде өздері қалаған спорттық ойын түрлерін таңдады. Бір топ шаңғы тепсе, екінші топ экстремалды ойындар ойнады. Келесі бір топ биіктігі 120 метр, ұзақтығы 560 метрлік тросс арқылы жолды кесіп өтті. Батылдықты талап ететін әсерлі ойындарда әрбір қатысушы бір-біріне көмектесіп, қолдау білдірді.
Әсерлі демалыстан соң саммит қатысушылары арасында спич форматындағы басқосу өтті.
– Үш күндік "Press-Summit" атты саммитті елбасымыздың “Атамекен” орталығынан бастадық. Жамбыл атамыздың келе жатқан 175 жылдығына орай мұражайын көрсеттік. Туристік ішкі кластерді дамыту мақсатында Талғар ауданындағы “Ой-Қарағай” демалыс орнын таныстырды. Сондай-ақ ұйымдастырушылар енді сіздерді Шонжыдағы ыстық суға алып барады, – деп сөз бастады Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Али жиында.
Әкім орынбасары бұл саммит ішкі туризмді таныстыру ғана емес, әріптестер арасында коммуникация орнату екенін атап айтты.
– Бұл тек қана ішкі туризмді таныстыру емес. Ең біріншіден, бұл – тимбилдинг, коммуникация орнату. Барлық өңірлер ақпарат алмасуда жаңа механизмдер, алгоритмдер, тенденциялар енгізіп жатыр. Саммит БАҚ өкілдері сол тенденцияларды алмасып, бір-бірінен жаңа технологияларды үйреніп, тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылды, – деді ол.
Жиында қатысушылар арасынан спикерлер шығып, медиа саласындағы қателіктерді айтып, оны шешу жолдарын ұсынды. Спикерлер баяндамасының соңы қызу пікірталасқа ұласты. Тілшілер мен баспасөз хатшылары толғандырып жүрген мәселелерін ортаға салып, нәтижесінде көптеген сұрақтарға жауап берілді.
Басқосудан соң қатысушыларды Ұйғыр ауданы Шонжы ауылы маңындағы ерекше демалыс күтіп тұрған еді. "Эко-парк" шипажайы – жаздың жағажайдағы демалысын сағынғандар үшін таптырмас мекен. Өйткені шонжылықтар ауыл жанында жерден шығып жатқан табиғи ыстық судан бассейндер жасап, шипажайға айналдырған. Жанартау процестері бассейндерді жыл мезгіліне қарамастан суды табиғи жолмен жылытады. Судың температурасы 36℃-ден 60℃ - ге дейін барады.
Қыста ашық аспан астында емдік ыстық суға түсіп, қонақүйлерде демалуға шетелден туристер де келеді екен. Елдің ішкі туризмінің осылайша дамып жатқаны көңіл қуантады.
Үшінші күн
Саммиттің үшінші күнінде спич форматындағы кездесудің екінші бөлімі ұйымдастырылды. Спикерлер баспасөз хатшысынан спичрайтерге дейінгі деңгей, олардың қоғамда алар орны туралы сөз сөйледі. "Қоғамдағы ақпараттық күрес. Өңірге оң имидж қалыптастырудағы 10 бағыт" және "2020 жылдың СММ трендтері. Әкімдер мен әкімдіктердің әлеуметтік желілердегі парақшаларын жүргізу тетіктері" секілді тақырыптар талқыланды.
Басқосудан соң саммит қатысушылары Алматы қаласына жолға шықты.
Нетворкинг әрі тур негізінде ұйымдастырылған саммит БАҚ өкілдері арасында өзара тәжірибе алмасудың, пайдалы ақпараттарды бөлісудің озық үлгісі болды. Еркін форматта өткізілгендіктен, республиканың тұс-тұсынан келген журналистер мен баспасөз хатшылары тез тіл табысып, іскерлік байланыс орнатты.
Пікір қалдыру