USD 527
EUR 548
RUB 5
COVID-19-дың тез таралатын жаңа мутациясы Ұлыбританияда таралғандықтан Еуропа елдері Біррікен Корольдіктің жолаушыларына тыйым сала бастады. Коронавирустың жаңа түрі 70 пайызға жұқпалы және Лондонда қатты таралуда.
Вирустар үнемі өзгеріп отырады. Маусымдық тұмау жыл сайын мутацияға ұшырайды, соған ұқсас пандемия басталғаннан бері COVID-19 мутацияға ұшырап, жаңа түрлері пайда болуда.
Соңғы күндері Біріккен Корольдікте анықталған жаңа түрге байланысты алаңдаушылық күшейе түсті.
Десе де ғалымдар вакцина вируспен күресте әлі де тиімді екенін айтады. Жаңа штаммның өлім мөлшері төменірек. Алайда адамдар одан сайын уайымдауда, өйткені бұл мутация 70 пайызға жұқпалы.
VUI-202012/01 деп аталған коронавирустың жаңа түрі (2020 жылғы желтоқсандағы алғашқы зерттеу нұсқасы) қыркүйектің ортасында Ұлыбританияның оңтүстік-шығысында, ел астанасы Лондонда немесе Кент графтығында пайда болған деп болжануда.
Англиядағы қоғамдық денсаулық сақтау саласының қызметкері Сюзан Хопкинс 18 желтоқсан күні жаңа штамның модельдеуін жариялап, Ұлыбритания үкіметіне ескерту жасаған және өте салмақты мәселе екенін мәлімдеген. Ұлыбритания өзінің қорытындыларын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына сол күні тапсырды.
Содан бері жаңа штамм елдің оңтүстік-шығысында тез таралып, вирустың басым түріне айналды.
Соңғы аптада Лондонда ауру жағдайларының 62 пайызы жаңа вирусқа байланысты болды. Ал үш апта бұрын бұл 28 пайыз ғана болған.
Вирустың осындай жылдам дамуы пайда болған соң, Ұлыбритания үкіметі алдағы Рождество кезінде қатаң бұғаттау шараларын қолдануға көшті.
Бұған дейін Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон адамдарға мерекелік жиындарда кездесуге рұқсат беруді жоспарлаған.
Ұлыбританияның бас ғылыми кеңесшісі Патрик Валлэнс жаңа нұсқа басқа елдерде де болуы мүмкіндігін, бірақ Ұлыбританияда басталған болуы ықтимал екенін жариялады.
Нидерланды мен Бельгия тез әрекет етіп, жаңа штаммның таралуын тоқтату үшін Ұлыбританиядан келген саяхатшыларға тыйым салды.
Нидерланды билігі жаңа штаммға байланысты кем дегенде бір жағдай тапқанын және 1 қаңтарға дейін Ұлыбритания жолаушыларын тасымалдауға тыйым салынғанын мәлімдеді. "Бельгия Ұлыбританиядан рейстер мен пойыздардың келуін кем дегенде 24 сағатқа тоқтатады" деп хабарлады Бельгия премьер-министрі Александр Де Кру.
Ұлыбританияның бас медициналық қызметкері Крис Уиттидің айтуынша, қазіргі кездегі сынақтар жаңа вирусты анықтай алады.
Ғалымдардың айтуынша, жаңа штамм 23 өзгерісті қамтиды және оның дені вирус жасаған ақуыздың өзгеруіне байланысты.
Ұлыбританияның денсаулық сақтау министрі Мэтт Хэнкок жаңа локдаун шаралары біраз уақытқа дейін сақталуы мүмкін екенін болжады.
"Жаңа нұсқаның қаншалықты тез таралатынын ескерсек, вакцина шығарылмайынша, оны бақылауда ұстау өте қиын болады" деді Ханкок.
Шотландияның бірінші министрі Никола Стерджон Твиттерде мутантты штамм жағдайлары Шотландияда "Ұлыбританияның қалған бөлігіне қарағанда төмен" деп мәлімдеді, бірақ "тез таралатын штаммды тоқтату үшін алдын алу шаралары қажет болуы мүмкін" деп ескертті.
Ұлыбританияда осы уақытқа дейін COVID-19-дан 67 мыңнан астам адам қайтыс болды, бұл жағдай елді Италиямен бірге Еуропадағы ең ауыр зардап шеккендердің біріне айналдырды.
Жаңа штамм пайда болған соң, әлемнің 20 елі Ұлыбританиямен әуе қатынасын тоқтатқанын жариялады.
Пікір қалдыру