Ақмарал Бүрлібаева есімді Facebook қолданушысы өзін мектепке дейінгі мекеменің басшысы газеттерге күштеп жаздырып жатқанын айтып шағымданған. Артынша шағымданушы Түлкібас ауданы Састөбе ауылы "Қарлығаш" балабақшасының тәрбиешісі екені белгілі болды. Бүгінде шағым бойынша әкімшілік іc қозғалды. Бұл туралы ҚР БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті хабарлады
– Балабақша әдіскеріне қатысты ҚР ӘҚБТК 409-бабының 7-3 тармағы және 409-бабының 7-6 тармағы бойынша газеттерге жазылуға мәжбүрлеу және педагогикалық әдептің сақталмауы туралы екі әкімшілік іс қозғалды. Осыған байланысты ҚР заңнамасымен бекітілген талаптарға сәйкес ескерту түріндегі әкімшілік жауапкершілік қолданылды және 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Бұл алдын ала қараудың қорытындысы, – деді ҚР БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.
Комитет тарапынан педагогтердің газеттер мен журналдарға жазылуы ерікті түрде жүзеге асырылуға тиіс екенін еске салып, жазылуға мәжбүрлеуге тыйым салынғанын атап өтті. Құқықтары мен мүдделері бұзылған жағдайда мұғалімдер өңірлік білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттеріне жүгіне алады.
Пікір қалдыру