Зейнетақы жинағының бір бөлігін алуға бола ма? Вице-министр жауабы

/image/2020/12/29/crop-4_3_480x853_53ee6f038bfb37159ae11eee6c967ebb.jpg

Қазақстанда шамамен 1 млн адам зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға құқылы. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

23 желтоқсанда зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, емделу ақысын төлеуге немесе жеке қаржы компанияларының басқаруына беруге пайдалану құқығын беретін заң қабылданды.

– БЖЗҚ-да жинағы бар, жасы "жеткілікті шектен" асатын соманың бір бөлігін пайдалана алатын жұмыс істейтін азаматтарға құқық беріледі. Осындай 760 мыңға жуық азамат бар. Орта есеппен бір адамға 2,3 млн теңгеден келеді. Белгілі бір сома салымшының шотында қалуға тиіс.

Екінші санат – зейнеткерлер. Олар зейнетақысының жиынтық мөлшерінен айырылған табыстың 40% деңгейінде алмастыруды қамтамасыз еткен жағдайда, жинақтардың жартысына дейін пайдалана алады. Мұндай қазақстандықтардың саны 170 мыңға жуық. Орта есеппен, әрқайсысына жарты миллион теңгеден келеді.

Үшінші санат – зейнетақы аннуитетін ресімдеген және БЖЗҚ-да жинақтары бар азаматтар. Онда орта есеппен 23 мың адамның әрқайсысына 2,5 млн теңгеден келеді, – деді вице-министр.

Оның айтуынша, осы үш санат бойынша шамамен 1 млн адам зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға, алуға құқылы.

– Тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қаңтар айында заңға байланысты барлық нормативтік-құқықтық актілер қабылданып, азаматтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алу құқығын беруді толығымен іске қосамыз деп күтіліп отыр, – деді әлеуметтік орган өкілі.

 

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар