Талай жылдан бері қазақстандық қоғамның қызу талқысына түсіп келген Байқоңырдағы қазақ мектептердің проблемасы ақыры оң шешімін тапты. «Жұлдызды қаладағы» 6 қазақ мектебі еліміздің білім беру стандартына көшті, – деп хабарлайды «Қамшы» порталы www.qazaquni.kz сайтына сілтеме жасай отырып. Бұл туралы қазақстандық БАҚ-қа облыс басшысының баспасөз қызметі мәлімдеген.
Естеріңізде болса, былтырғы жылы Орталық коммуникация қызметінің брифингінде Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев осы бір түйткілді мәселені өткір көтеріп, қоғамда үлкен талқылауға түскен болатын.
“Қазақтың балалары қазақ мектебінде кітап бетін ашады да менің президентім Путин дейді. Олардың болашағы қалай қалыптасады? Олардан қандай патриот, қандай азамат шығады? Екінші бір проблемасы бар. Олар біздің ҰБТ-ға қатыса алмайды. Соның кесірінен Қазақстанның Жоғарғы оқу орындарына түсе алмайды. Олардың заңды құқықтарына шектеу. Біз бұл мәселені шешуіміз керек”, – деген болатын.
(Сурет)
Ал биылғы жылдың шілде айында Қ.Көшербаев мырза « «Байқоңыр қаласындағы мектептерімізді қазақстандық стандартқа көшіру мәселесі оң шешімін табуда. Жыл аяғына дейін екі елдің білім және ғылым министрліктері арасында барлық қажетті құжаттарға қол қойылады деген сенімдемін. Сөйтіп, 2015 жылдан бастап байқоңырлық мектептер біздің елдің стандарты бойынша жұмыс істейтін болады», - деген болатын.
Қырымбек Көшербайев берген уәдесінде тұрды. 2015 жылдың 1-қыркүйектен бастап Байқоңырдағы 6 қазақ мектебі өзіміздің білім беру стандартымен жұмыс істейді. Биылғы оқу жылында 642 байқоңырлық бүлдіршін жоғарыдағы мектептердің бірінші сыныбына барған.
№277 К.Тоқмұхамедов атындағы мектепте өткен «Алғашқы қоңырау» салтанатында облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың өзі қатысып, елбасының атынан бірінші сынып оқушыларына «Менің Отаным – Қазақстан» атты ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының кітабын табыс еткен.
“Биылғы оқу жылы баршамызға үлкен қуанышпен басталып отыр. Өйткені Ресейдің оқу стандартына өтіп кеткен қазақ мектептерін өзімізге қайтарып алдық. Бүгіннен бастап осындағы 6 қазақ мектебі отандық білім беру жүйесімен жұмыс істейді. Бұл Тәуелсіз еліміз үшін және осындағы қаракөз балаларымыздың болашағы үшін маңызды”,- деді Қ.Көшербаев.
Ата-аналардың да қуанышында шек жоқ. Түйткілді проблеманы шешіп берген ел басшылығына алғыстарын айтып жатты.
2015 жылға аталған 6 білім беру нысандарының шығындарына республикалық бюджеттен 982,1 млн. теңге қаржы бөлінді. Мұндағы мектептерге қажетті 90442 дана оқулық толығымен жеткізілген. Бір сөзбен айтқанда, барлық керек-жарағы түгелденді.
Нұрзат Тоғжан