13 қаңтар – М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театрының құрылған күні. Биыл қара шаңыраққа 95 жыл толып отыр. Кеше президент жарлығымен "Ұлттық" мәртебе берілуі және театрдың 95 жылдығына арналған баспасөз конференциясы өтті.
Конференцияға ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, сондай-ақ, "Ұлттық" мәртебесін иеленген М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының көркемдік жетекшісі, ҚСРО Халық артисі – А.Әшімов; М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Е.Жуасбек; Абай атындағы Қазақ Ұлттық опера және балет театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – А.Калиева; М.Ю.Лермонтов атындағы Ұлттық орыс драма театрының директоры – А.Якушев; Құрманғазы атындағы Ұлттық халық аспаптар оркестрінің директоры – М.Қуанышев; ҚР Ұлттық кітапханасының директоры – Б.Оспанова қатысты.
БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз конференциясынан кейін Мәдениет және спорт министрі Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық академиялық драма театрының өкілдерін "Мәдениет саласының үздігі" төсбелгісімен марапаттап, мәдениет және спорт министрлігінің грамоталары мен алғыс хаттарын табыс етті.
– Өткен 2020 жылы біз бірқатар маңызды міндеттерді абыроймен орындадық. Мәселен, мемлекет басшысының жолдауын іске асыру аясында 1 қаңтардан бастап мәдениет және архивтер ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы республикалық деңгейде 50 пайызға, өңірлерде 35 пайызға дейін өсті. Жалпы республика бойынша мұндай өсім шамамен 34 мың адамды құрады. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады, – деді министр мәдениет саласындағы 2020 жылғы жетістіктерге түсініктеме бере отырып.
Мәселен, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап мәдениет және спорт саласындағы мамандандырылған мектептер мен колледж қызметкерлерінің жалақысы 2023 жылға дейін жыл сайын 25 пайызға артады.
Пікір қалдыру