Депутат Айбек Паяев ең төменгі жалақы деңгейін арттыру мәселесін көтерді

/image/2021/01/20/crop-6_5_443x787_photo_348497.png

"Қазақстан халық партиясы" фракциясының депутаты Айбек Паяев Қазақстандағы жалақы көлемі әлемде ең төменгі жалақының бірі екеніне алаңдаушылық білдіріп, оны көтеру үшін үкімет тарапынан не істелінгелі жатқанын сұрап премьер-министр Асқар Маминге депутаттық сауал жолдады

Депутат 2021 жылдың басындағы жағдай бойынша Picodi халықаралық сервисінің сарапшылары Қазақстандағы жалақы көлемі әлемдегі 56 елдің ішіндегі ең төменгі жалақының бірі деп белгіленгенін айтып, сақтандыру жарналарының өсуіне байланысты ең төменгі жалақы мөлшері 2020 жылмен салыстырғанда азайған жалғыз ел болғанын атап өтті.

– Номиналды түрде ең төменгі еңбекақы Қазақстанда өзгерген жоқ және 42 500 теңгеге тең, бірақ сақтандыру жарналарының өсуіне байланысты нақты жалақы өткен жылдан бастап азайды және енді 37 400 теңгені құрады (2020 жылмен салыстырғанда – 1,1%). Сонымен қатар Украинада ең төменгі жалақы 27%-ға, Польшада – 9,8%-ға, Беларусьте – 6,7%-ға, ал Ресейде – 5,5%-ға өсті.

Зерттеу үшін сарапшылар шартты азық-түлік себетін құрып, өнімнің құнын ең төменгі жалақымен салыстырды. Азық-түлік себеті келесі тағамдардан тұрады: нан, сүт, жұмыртқа, күріш, ірімшік, ет, жемістер мен көкөністер. 2021 жылдың басында қазақстандық үшін мұндай азық-түлік себетінің құны 25 280 теңгені құрайды, бұл бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 13,87%-ға артық.

Қалыптастырылған азық-түлік қоржыны салық төлегеннен кейін ең төменгі еңбекақының 67,6%-ын құрайды, өткен жылы бұл арақатынас 58,7%-ға тең болды. Бұдан келіп шығатыны, Қазақстанда ең төменгі жалақы алатын азаматтардың жағдайы нашарлаған. Ал қазақстандықтардың лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету үшін ең төменгі жалақы орташа жалақымен ғана емес, отбасының жұмыс істемейтін мүшелерінің болу мүмкіндігін ескере отырып, міндетті түрде өмірдің нақты құнымен де байланысты болуға тиіс, –  деді депутат.

Осы айтылғандарды басшылыққан алған Айбек Паяев үкімет басшысына төмендегідей сауалдар жолдады:

  1. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасындағы ең төменгі жалақы деңгейін арттыру үшін қандай шаралар қабылдануда?
  2. Әлемдік стандарттарға сәйкес азық-түлік және азық-түлік емес тауарлар мен қызметтерге жұмсалатын нақты шығыстарды көрсете отырып, ең төменгі күнкөріс деңгейін есептеу әдістемесін өзгерту жоспарланып отыр ма?
  3. Халықаралық өлшемдер мен қазақстандық қоғамның сұраныстарына сәйкес Қазақстан Республикасында өмір сүру сапасы мен деңгейінің әлеуметтік стандарттарын әзірлеу жоспарланып отыр ма?

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар