Мамин Солтүстік Қазақстан облысына не үшін барғаны белгілі болды

/image/2021/01/20/crop-195_3_447x596_askar-mamin-1.jpeg

Премьер-министр Асқар Мамин жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысына барды, деп хабарлады primeminister.kz сайты.

Сайт мәліметінше, премьер-министр Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында инвестициялық жобалардың іске асырылуын тексеріп, өңірдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізді. Петропавл қаласы Qyzyljar АЭА аумағында электр техникалық өнімін өндіретін жаңа зауыттың құрылыс барысымен танысты. 

Артынша А. Мамин "Петропавл ауыр машина жасау зауытына" барды. Оның аумағында тез бұзылатын азық-түлік өнімдерін тасымалдауға арналған термос вагондарды құрастыратын жаңа өндіріс орны ашылған.

Мұнан соң премьер-министр "Солтүстік фанера комбинаты" ЖШС ламинатталған фанера өндіретін зауыттың жұмысымен танысты.

Кейін үкімет басшысы Петропавл қаласының "Шығыс" шағын ауданында JCI халықаралық стандарттары бойынша 510 төсек орнына арналған көпбейінді облыстық аурухана құрылысының барысын тексерді.

Артынша Қызылжар ауданының Чапаево ауылындағы "Қызылжар Сүт" ЖШС-нің жаңа цифрландырылған сүт-тауар фермасында болды.

"Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша премьер-министр Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы және алдағы кезеңге арналған перспективалары жөнінде кеңес өткізді. Өңір әкімі Құмар Ақсақалов, ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов және қаржы бірінші вице-министрі Берік Шолпанқұлов баяндама жасады" делінген ресми сайт хабарламасында.

– Солтүстік Қазақстан облысы агроөнеркәсіптік кешенде, өңдеу өнеркәсібінде және басқа да салаларда үлкен әлеуетке ие. Өңірдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуына, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатының жоғары болуын қамтамасыз етуге елеулі серпін беру қажет, – деді А. Мамин.

2020 жылдың қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 779 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылғыдан 27%-ға жоғары, өнеркәсіптік өнім өндіру көлемі – 306 млрд теңге (+4,8%). Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 20,5%-ға – 281 млрд теңгеге дейін ұлғайды.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар