Өтінімдерді қабылдаудың бірінші күнінде-ақ, яғни 2021 жылғы 25 қаңтарда «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ уәкілетті операторынан «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамына (БЖЗҚ АҚ) жалпы сомасы 114,6 млрд. теңгеден астам сомаға 10 292 өтінім келіп түсті. Барлық келіп түскен өтінімдерді «БЖЗҚ» АҚ сол күні-ақ, еш кідіріссіз қарады, деп хабарлады БЖЗҚ баспасөз қызметі.
8 460 өтінім тексеруден сәтті өтті. Заңнамаға сәйкес «БЖЗҚ» АҚ-ға өтінім келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірілмей, салымшылардың «Отбасы банкі» АҚ арнайы шоттарына шамамен 49,2 млрд теңге аударылады. Аударымның орташа сомасы – 5,8 млн теңге.
«БЖЗҚ» АҚ 1832 өтінімді төмендегі негізгі себептер бойынша қабылдамады:
1. Сомалар қате, яғни шоттағы зейнетақы жинақтарының көлемінен асыра көрсетілген. Сондықтан өтінімдерді «Отбасы банкі» ұсынымдарын басшылыққа ала отырып, мұқият толтыру керек.
2. Жеке табыс салығын (ЖТС) төлеу тәсілін таңдау кезінде алуға сұраныс жасалатын сомалар дұрыс көрсетілмеген.
Салық заңнамасы бойынша міндетті зейнетақы жарналарына Қорға аударылған кезінде ЖТС салынбайды, сондықтан зейнетақы төлемдеріне салық салынуға тиіс. Салымшы біржолғы зейнетақы төлемін алған кезде ЖТС төлеудің екі тәсілін таңдауға құқылы. Бірінші тәсіл – кейінге қалдыру, екінші тәсіл – біржолғы зейнетақы төлемі кезінде салықты толық көлемде бірден төлеу. Салымшының шешімі уәкілетті операторға берілетін өтінімде көрсетілуі керек.
Егер өтініш беруші ЖТС төлеуді кейінге қалдыру туралы шешім қабылдаса, онда ол өтінімде сұратылатын соманы ЖТС-ты шегерместен көрсетуге тиіс. Егер өтініш беруші ЖТС-ты толық көлемде бірден төлеуді ұйғарса, онда ол өтінімде алуға болатын соманы 10% мөлшеріндегі ЖТС-ты шегере отырып көрсетуі қажет.
БЖЗҚ беретін үзінді көшірмеде салымшыға ыңғайлы және өз бетінше таңдау жасау үшін екі сома да көрсетілген. Салымшы көрсететін, алуға болатын сома БЖЗҚ-дан оның уәкілетті операторда ашылған арнайы шотына түседі.
3. Өтінімде алуға сұраныс жасалатын сомалар ең аз жеткіліктілік шегін есепке алмастан көрсетіледі. Салымшылар өз өтінімдерінде алуға болатын және үзінді көшірмеде көрсетілген сома шегінде емес, жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының барлық сомасын көрсеткен.
4. Өтінімдерде валюта бағамдарының құбылмалылығы және зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліндегі қаржы құралдары құнының өзгеруі нәтижесінде инвестициялық табыстың нарықтық ауытқуына байланысты өзгерістерді ескермейтін өзекті емес сомалар көрсетілген.
5. «БЖЗҚ» АҚ деректер базасында жеке зейнетақы шоттары және тиісінше зейнетақы жинақтары жоқ тұлғалардан да өтінімдер түскен.
6. Салымшылар бірін-бірі қайталайтын өтінімдер де берген.
Осы жайттарды ескере отырып, азаматтарға өздерінің зейнетақы жинақтары туралы өзекті ақпаратты, оның ішінде қолжетімді сома туралы мәліметтерді enpf.kz сайтындағы жеке кабинеттен немесе Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мобильдік қосымшасы арқылы біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға тікелей өтінім берер алдында мұқият тексеруге кеңес беріледі.
Зейнетақы жинақтары туралы ақпарат «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының талаптарына сәйкес зейнетақы жинақтарының құпиясын қамтамасыз ету мақсатында салымшының өзіне ғана беріледі.
Пікір қалдыру