Қуат Хамитовке қатысты сот үкімі жарияланды

/image/2021/01/28/crop-0_2_465x782_297e5fda485e9d7defc5b8af001b5dbe.jpg

Сот аралас жекпе-жек шебері,  Қуат Хамитовқа қатысты үкімді жариялады деп хабарлады zakon.kz.

Хамитовты көшеде дезинфекторларды ұрып, тікұшақтарды атуға шақырғаны үшін кінәлі деп тауып, сот оны 6 айға бас бостандығын шектеуге үкім шығарды.

Сот қазақстандық файтердің бұрын жауапқа тартылмағанын және өз кінәсін толық мойындағанын ескерді. Спортшы соттағы соңғы сөзінде шетелге шығуға мүмкіндік беруін сұраған болатын.

– Құрметті сот, мен үшін ең маңызды мәселе шетелге шығуға мүмкіндігімнің болуы. Себебі мен елімнің намысын қорғап жүрмін. Жазам қандай болса да, көнемін. Тек шетелге шыға алсам болды. Менің алға қойған мақсатым көп, – деді ол

Қуат Хамитовтың үстінен қылмыстық кодекстің 272-бабы 3-бөлімі бойынша (билік өкіліне бағынбауға шақыру, жаппай құқықбұзушылыққа тарту, арандату, азаматтарға күш қолдануға шақыру) іс қозғалған. Іс Алматы қаласы Алмалы аудандық сотында қаралып жатыр.

Бұған дейін Қуат Хамитов 2020 жылғы қыркүйекте әлеуметтік желіде билікке қарсы күш қолдануға шақырғаны үшін Алматы полиция департаментіне жеткізілген. Аталған дерек бойынша қылмыстық кодекстің 272-бабы 3-бөлімі бойынша іс қозғалды.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар