Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап балабақшалар, мектептер мен колледждердегі дене шынықтыру мұғалімдерінің айлығына жаңа қосымша ақы тағайындалды. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
– Енді дене шынықтыру мұғалімдерінің еңбекақысына ай сайын қосымша 17 697 теңге төленетін болады. Осы ретте дене шынықтыру мұғалімдерінің функционалы кеңейіп отыр. Мұғалімдер әдетте өткізетін дене шынықтыру сабақтарынан бөлек, қосымша спорттық-сауықтыру сабақтарын, яғни секциялар өткізетін болады, – деді министр.
Оның айтынша әр мұғалім қосымша секциялық сабақтар өткізеді және балалар мектептегі қажетті жабдықтарының болуына байланысты түрлі спорт секцияларына қатыса алады.
– Балаларды спорт секциялары арқылы қосымша сабақтарға тарту – салауатты өмір салтын қалыптастыру, білім алушыларды спортқа баулу және олардың денсаулығын нығайту бойынша берілген Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаевтың тапсырмаларының шеңберінде басқа да кешенді шаралар қабылданады, – деп жазды Аймағамбетов желідегі парақшасында.
Пікір қалдыру