Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысында президент Тоқаев мерекені атап өту барысы жайлы айтты.
Сайт мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев мерекелеу барысында тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы тұңғыш президенттің тарихи рөлі ерекше аталып, елбасы саясатының сабақтастығы барлық іс-шаралардың идеологиялық өзегі болуы шарт екенін атап өткен.
Мемлекет басшысы тәуелсіздікті атап өткенде, елге өзгеріс әкелмеген іс-шаралар туралы есеп берудің қажеті жоқ екенін айтты.
– Тәуелсіздікті атап өткенде тәлімдік, тәрбиелік мәні бар ақпаратты ұсынып, жұртты тартатын жаңа стильді, жаңа форматты көбірек енгізу қажет. Әр жерде өткізілген іс-шаралар туралы құрғақ есептің қажеті жоқ. Елге өзгеріс әкелмесе, мыңдаған мадаққа толы мақалалардан еш қайыр болмайды, – деді Тоқаев.
Комиссия отырысында мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, премьер-министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева сөз сөйледі.
Пікір қалдыру