Қазақстанға 20 талап қойған Еуро парламент қарарына СІМ пікір білдірді

/image/2021/02/14/crop-17_5_370x657_rus149129006722.jpg

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Еуропа парламентінің Қазақстандағы саяси жағдайды сынаған "қарары түсінбестік тудыратынын" айтады, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, мұндай қарарларды Еуропалық парламент халықаралық күн тәртібінің түрлі мәселелері бойынша айтарлықтай тұрақты түрде қабылдайды.

Айбек Смадияров Еуропалық одаққа мүше мемлекеттер президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған демократиялық реформаларды қолдайтынын алға тартады.

– Осы себепті жаңа қарардың мәтінінде пайдаланылған мәліметтердің нақтылығына қатысты Қазақстанда түсінбестік туындады. Еуропарламенттің бірқатар мүшелері еліміздің дамуындағы өзекті үрдістерге қатысты оң пікірлеріне қарамастан, өздерінің партияларындағы ішкі тәртібіне сәйкес осы қарарды қабылдауға дауыс берді. Сонымен қатар объективті көзқарастағы бірқатар еуродепутаттар, атап айтқанда Максимиллиан Кра (Германия), Тьерри Мариани (Франция) және Татьяна Жданока (Латвия) Қазақстанды белсенді қорғады, – деді ол.

Бұған дейін Азаттық радиосы 11 ақпанда Еуропа парламенті басым көпшілік дауыспен "Қазақстандағы адам құқықтарына жөніндегі" қарар қабылдағанын хабарлаған. Елдегі азаматтық қоғам аясының тарылуын, адам құқықтарының бұзылуын және сайлаудағы әділетсіздікті сынайтын қарарды дауыс берген 693 депутаттың 598-і қолдаса, тек 43 депутат қарсы шыққан.

Қазақстандағы бәсекесіз сайлау және белсенділерді қудалау, саяси тұтқындар, түрмеде азаптау, сөз бостандығы мәселелеріне назар аударған Еуро парламент депутаттары Қазақстанға 20 талап қойған.

Онда адамдардың негізгі бостандықтарын құрметтеу, саяси өмірге қатысу, саяси плюрализм, сайлау комиссияларының бейтараптығы, сайлау және сайлану құқықтары, сайлау нәтижесін жариялау мәселелері алдымен айтылады. Мұнымен бірге депутаттар "құқық қорғаушы белсенділерді, діни ұйымдарды, азаматтық қоғам ұйымдары мен кәсіподақтарды, журналистер мен саяси оппозициялық қозғалыстарды саяси себеппен қудалауды тоқтатып, жұрттың саяси, діни және басқа да көзқарастарын еркін білдіруіне жағдай жасауға, еркіндікті қамтамасыз ету үшін бейбіт жиындар туралы заңдарға өзгеріс енгізуге" және саяси тұтқындарды дереу босатуға шақырады. 

Бұған қоса депутаттар әйелдерге жасалатын зорлықпен тиімді түрде күресуге, ол үшін заңды күшейтіп, жапа шегушілердің бұл туралы жедел хабарлауына мүмкіндік беретін механизмдерді қалыптастыруға үндейді. Сонымен бірге депутаттар Қазақстан үкіметін ЛГБТ қауымдастығының құқықтарын толық қорғауды, оларды кемсітпеуге толық кепілдік беруді талап етті. Қарарда Еуропарламент Қытайдың Шыңжаң ауданында қайта үйрену лагерлерінен қашып келген қазақтар мен басқа да азшылық өкілдерінің "қауіпсіздігін қамтамасыз етуге" шақырды.

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар