Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратураның басшылық құрамымен кеңес өткізді, деп хабарлады Ақорда сайты.
Тоқаев бақылаушы орган өкілдерінің алдына бірқатар міндет қойды.
Президент азаматтар мен кәсіпкерлердің құқығын мүлтіксіз қорғауды бірінші міндет ретінде атады. Өткен 10 жыл ішінде мемлекеттің бизнесті қолдау жөнінде жүргізген жұмыстарының арқасында кәсіпкерлерді тексеру 3 есеге азайды.
Оның айтуынша, енгізген мораторий өз тиімділігін көрсетті. Нәтижесінде шағын бизнестің субъектілерін тексеру былтырдың өзінде 5 есеге қысқарды. Бірақ заңсыз тексерулер әлі де жалғасуда.
– Соңғы 3 ай ішінде бизнесті қолдау жөніндегі мобильді топқа осындай деректер бойынша кәсіпкерлерден 500-ден аса шағым түскен. Бақылаушы органдардың болмашы себептің соңын нағыз репрессияға айналдырып жіберетін жағдайлары жиі кездеседі. Құжаттар тартып алынады.
Ал оны кәсіпкерлер айлап қайтарып ала алмай жүреді. Жұмыс істеудің орнына бүкіл қызметкер тергеуде болады. Мұндай келеңсіздіктерге жол беруге болмайды. Прокурорлар кәсіпкерлер мен барлық құқық қорғау органдарының арасындағы қатынастарда заңдылықтың мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуге міндетті, – деді Тоқаев.
Пікір қалдыру