Аймағамбетов: Даму үшін тек білім қоры жеткіліксіз

/image/2021/02/18/crop-14_25_486x647_ai9i0702-1-5.jpeg
Еліміздегі мектептерде, колледждер мен университеттерде дебат қозғалысын қайта жаңғыртып жатырмыз. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов facebook парақшасында жазды. 
 
– Дебатқа алғаш рет курстасымның өтініші бойынша қатыстым. Негізі ойынға басқа азамат шығуы керек болатын, бірақ ол бара алмады. Осылайша екінші курста оқып жүргенімде, дебаттарға қатыса бастадым. Әр ойын сайын тәжірибе жинап, жарты жылдан кейін факультет деңгейінде, кейін университет, қала, облыс деңгейінде жеңімпаз болдық. Одан кейін ұлттық пікірсайыс турнирі болды. Сол жылдары дебат қозғалысы өте белсенді дамып жатты. Әрбір университет пен мектеп қабырғасында дебат клубтары жұмыс істейтін.
Мектептерде пікірсайыстар Карл Поппер форматында, ал университеттерде негізінен америкалық парламенттік форматта ұйымдастырылатын. Ойынның қай тілде өткізілетініне байланысты дебат үш лигаға бөлінетін.
 
Қазіргі уақытта жан-жақты даму үшін тек білім қоры жеткіліксіз. Әр адам жинаған білімі мен білігін дұрыс пайдалануы маңызды. Бұл ретте дебат ойындары мен мектептегі өзін-өзі басқару тетіктері жоғарыда аталған қабілеттерді қалыптастырады. Дебат тек зияткерлік ойын емес, ол – сыни ойлау дағдыларын қалыптастырып, ақпаратты дұрыс талдауға, командамен бірлесіп жұмыс істеуге, сұрақ қойып, оларға нақты жауап беруге үйрететін білім беру технологиясы. Ойынға қатысушылар кейін үгіт-насихат пен популистік идеяларды оңай ажыратып, өз ұстанымын көпшілікке нақты аргументтер арқылы жеткізе алады. Мұндай тәжірибе жастарға күнделікті ақпарат ағынын сыни қабылдауға да көмектеседі. Балалар бір-бірімен қарым-қатынас жасай отырып, өздерінің әлеуметтік байланыстары мен бір-біріне деген сенімін нығайтады, – деп жазды министр.
 
Министр дебат ойындары оқу орнындағы білім алушылардың жан-жақты дамуына барынша мүмкіндік жасау қажет екендігін жеткізді.
 
– Біз еліміздегі мектептерде, колледждер мен университеттерде дебат қозғалысын қайта жаңғыртып жатырмыз. Әрбір оқу орнындағы білім алушылардың жан-жақты дамуына барынша мүмкіндік жасау қажет. Бұл ретте мектептегі өзін-өзі басқару жүйесінің де ықпалы зор. Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы арнайы әдістемелік нұсқаулық әзірлеп шығарды. Соның негізінде еліміздегі мектептер өзін-өзі басқару технологияларын енгізе алады, – деді Аймағамбетов.
 
Министр пікірсайыстар мен өзін-өзі басқару жүйесі әлеуметтік капитал мен қоғамдық сенім деңгейін көтеруге де әсер ететінін жеткізді.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар