Қызылордадағы Қызылжарма ықшамауданында көпбалалы отбасы тұрып жатқан үй өртеніп, жасқа толмаған нәрестенің жансыз денесі табылды. Балалардың анасы мен 4 бала ауруханаға жеткізілді, деп жазады sputnik.kz сайты.
Өрт 50 шаршы метрлік "времянкада" балалар ұйықтап жатқанда болған. Жеңіл материалдардан жасалған тамды жалын әп-сәтте шарпыған.
Облыстық өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінің мамандары үйде болған 27 жастағы әйел мен бес баланы алып шыққанымен, үйдің кенжесі – жасқа толмаған айлық сәби тұншығып қалған. Әйел денесінің 3 пайызын, 2018 жылы туған қыз денесінің 0,1 пайызын күйік шалған. Қалған үш балаға ыс тиген. Қазір олар дәрігерлер бақылауында.
КазТаг сайты көпбалалы отбасының 2018 жылдан бері баспана кезігінде 1230-ы болып тұрғанын, жергілікті билік оларды уақытша баспанамен қамтамасыз ететінін хабарлады.
Осыған ұқсас жағдай 2019 жылы 4 ақпанда Нұр-Сұлтанда болған. Ол кезде өрт салдарынан 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес қыз бала қаза тапқан.
Мұның арты көпбалалы әйелдердің наразылығына әкеліп соғып, билік 21 мың теңге көлеміндегі атаулы әлеуметтік көмек жәрдемақысын тағайындаған.
Пікір қалдыру