Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады.
– Қазір дүниеде геосаяси дүрбелең белең алып, халықаралық тартыстар шиеленісе түсуде. Коронавирус індеті өршіп, әлем экономикасындағы дағдарыс күшеюде. Осындай күрделі кезеңде Қазақстан халқы барлық сын-қатерлерге төтеп беру үшін бірлігін бекемдеп, қайсарлық танытуы қажет.
Біздің бабаларымыз ежелден Ұлыстың Ұлы күні бір-біріне көмектесіп, қиын кезеңде қолындағы барын бөліскен. Осы игі дәстүрді халқымыз әлі күнге дейін берік ұстанып келе жатқаны көңіл қуантады.
Пандемия кезінде ондаған мың дәрігер мен мейірбике, тәртіп сақшылары мен әскери қызметшілер және еріктілер елдің денсаулығын сақтау үшін аянбай еңбек етуде. Микробиолог мамандарымыз аз уақыттың ішінде коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарды.
Әз-Наурыз – ізгілік пен қайырымдылықтың, мейірім мен жанашырлықтың мерекесі. Біз ұсынған әділетті қоғам және әлеуметтік мемлекет қағидасы осы құндылықтармен толық үндеседі.
Биыл біз тарихи меже – Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтеміз. Осы уақыттың ішінде еліміз толағай табысқа жетті. Бірақ, жетістікке марқайып, босаңсуға болмайды. Біз мемлекетімізді жүйелі өзгерістерге жетелейтін ауқымды реформаларды жалғастыра береміз.
Жан-жақты жаңғыру ұлтымызды өрге бастап, Қазақстанның Мәңгілік ел болуына жол ашады. Біздің басты мақсатымыз – осы!" делінген ресми сайт таратқан хабарламада.
Пікір қалдыру