Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов "Grammy" сыйлығын жеңіп алған Иманбек Зейкеновке көрімдік ретінде 2 млн теңге берді. Музыкант берілген қаражатты қайырымдылыққа жұмсамақ.
Иманбек Зейкенов өзінің туған қаласы Ақсуға оралып, жастармен кездесті.
Облыс әкімінің атынан диджейге заманауи техника алуына және "премия алғаны үшін көрімдік" ретінде 2 миллион теңге берілген.
– Өте қуаныштымын. Менің заманауи техникам бар. Сол үшін бұл қаражатты қайырымдылыққа бергім келеді. Туған қaламнан көшуді жоспарлап жатқан жоқпын. Болашақта музыкамен айналысқым келеді. Қазіргі уақытта Шон Полмен бірлескен туынды жазып жатырмыз, – деді музыкант.
Айта кетейік, қазақстандық музыкант Иманбек Зейкеновтың SAINt JHN атты әншінің Roses әніне жазылған ремиксі Grammy сыйлығының "Үздік ремикс" номинациясын жеңіп алған болатын.
Grammy сыйлығы – Американың Ұлттық дыбыс жазу өнері және ғылым академиясы (NARAS) тапсыратын мәртебелі марапат.
Биыл Grammy сыйлығы 63-ші рет ұйымдастырылды. 20 жастағы Иманбек Зейкенов – шығармасы Grammy сыйлығына ұсынылған әрі жеңген алғашқы қазақстандық.
Пікір қалдыру