Президент Тоқаев бейнеүндеу жасады

/image/2021/03/29/crop-90_23_1548x2064_d0cc040c-feea-451f-a2ed-6c5809f22baf.jpeg

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Халықаралық қарыз архитектурасы және өтімділік" атты жоғары деңгейдегі жиында сөз сөйледі. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.

Сайт мәліметінше, мемлекет және үкімет басшылары деңгейіндегі онлайн форум COVID-19 пандемиясы кезеңінде халықаралық күш-жігерді даму бағытын қаржыландыру саласына қарай жұмылдыруға арналған.

"Теңізге шығатын жолы жоқ дамушы мемлекеттер тобының төрағасы ретінде сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус пандемиясы басталғалы бері топқа мүше елдер шетелдік инвестициялардың азаюы, сауда-саттық пен ақша аударымдарының төмендеуі, қаржылық қарыздардың өсуі, орташа алғанда экономиканың 2,4 пайызға құлдырауына себеп болған бюджет мүмкіндігінің айтарлықтай кемуі секілді аса қауіпті құбылыстармен бетпе-бет келгенін атап өтті" делінген хабарламада.

Президент жаһандық қаржы құрылымдарын, БҰҰ институттарын, сондай-ақ, өзге де халықаралық және өңірлік ұйымдарды Теңізге шығатын жолы жоқ дамушы мемлекеттер тобына мүше елдердің экономикалық өсімді қайта қалпына келтіруге бағытталған іс-қимылы кезінде олардың ерекше қажеттіліктеріне баса мән беруге шақырды.

Сонымен қатар президент Тоқаев БҰҰ-ның теңізге шығатын жолы жоқ дамушы мемлекеттер тобына мүше елдерге арналған Вена бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жол картасының өзектілігі арта түскеніне тоқталды. Осыған орай серіктес мемлекеттерді Аддис-Абеба бағдарламасында белгіленген барлық жеті бағыт бойынша жүргізілетін жұмыстарды жұмыла атқаруға, сондай-ақ дамыту мақсатындағы ресми көмектің қазіргі деңгейін сақтап қалуға үндеді.

Форумға Аргентина, Венесуэла, Египет, Италия, Канада, Пәкістан, Түркия, Қатар, Франция, Эквадор, Жапония, Ямайка және басқа да мемлекеттердің басшылары, сондай-ақ, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Халықаралық валюта қорының, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының, Дүниежүзілік банктің, Дүниежүзілік сауда ұйымының, Еуропалық одақ пен Африкалық одақтың жетекшілері қатысты.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар