Америка Құрама Штаттарының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Уильям Х. Мозер онлайн форматта қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында қос ел ынтымақтастығының 30 жылдық тарихындағы атқарылған кей істер баян етілді.
Уильям Мозер 1990 жылдардан бері АҚШ Қазақстан экономикасына 30-35 млрд доллар көлемінде инвестиция салғанын, бұл үрдіс келешекте де жалғасатынын айтты. Оның сөзінше, АҚШ тарапынан салынған инвестиция бұрын негізінен мұнай саласына бағытталса, енді ауылшаруашылығы, ІТ салаға да қаражат тарту мәселесі қарастырылып отыр. Елші ол үшін Қазақстан үкіметі бизнеске қолайлы іскерлік орта қалыптастыратынына сенім білдірді.
Сондай-ақ Уильям Мозер АҚШ пен Қазақстан арасында визасыз режим енгізу бүгінгі пандемия жағдайында қарастырылып отырмағанын, ықтымақтастық мәселесінде бұдан да маңызды мәселелер көп екенін жеткізді.
Елші сонымен қатар АҚШ-та коронавирусқа қарсы вакцинация қарқынды жүріп жатқанын, азаматтар вакцинациямен толық қамтылып болған соң оны басқа елдерге шығару жоспарланып отырғанын мәлім етті. Уильям Мозер өзі Moderna вакцинасын салдырған. Айтуынша, екпені оң қолына салдырғанымен, сол қолы аздап сыздаған. Ол вакцинадан кейінгі жайсыздық ұзаққа созылмайтынын жеткізіп, Қазақстан халқын вакцина салдыруға шақырды.
Жиын барысында Уильям Мозер қазақ тілін ықыласпен үйреніп жүргенін атап өтті.
Пікір қалдыру