Халық тарапынан қарсылықтың алғашқы нышандары көрініс берді, бірақ біз оны да түсіне қоймадық

/uploads/thumbnail/20170708193854359_small.jpg

Қай адам да, қайсы дінді ұстаушы да үм­іт­тен айы­рылмауға тырысады. Расы, үмітін жо­ғалт­қан адам­ның – өмірінің мән-мағынасы да жо­йылады. Керек десеңіз, қатты қиналып, қа­палыққа түскен кісінің де тізесін бүктірмей, та­банын тайдырмайтын күш – болмашы маз­да­ған үміт шырағы. Бәлкім, бұл – лапылдап-алау­лаған жалын да болмас, десе де, аз ғана шы­рақтың өзі пенденің рухын сындармай, ертеңге жетелейді...

Қазақ билігінің қазіргі мұнар-шыңындағы үкі­мет басшысы Кәрім МӘ­СІМ­­ОВ бас­тап, Ұлттық банк төрағасы Қайрат КЕЛІМБЕТОВ қостаған бір топ білімі таяз, білігі кем топ – қазақ даласындағы үміт шырағын «үп» деп үрлеп, сөндіріп тастады...

Абай айтқан: «Өтірік, өсек, мақтаншақ, ерін­шек, бекер мал шашпақ»-тың арты ашылып, үкімет пен бас банк жетекшілерінің жетесіздігінің кесірінен тең­генің АҚШ долларына шаққандағы бағамы - 1 АҚШ доллары - 270 тең­ге­ден асып, АИ-92 маркалы бензиннің 1 литрінің бағасы – 128 теңгеге бір-ақ шарықтады. Доллар мен бензиннің бағасы ас­пан­ға шапшып жатса, әлгі маз­даған үміт шырағын «жалп» сөндіріп алғандар жерге басымен шаншыла қадалып, жермен-жексен болуда.

Сенбі күні Алматыда бір жас ана өзінің 8 және 2 жастағы екі баласын бес­інші қабаттан бір-бірлеп жер­ге лақтырып-тастап, соңы­нан өзі секірді. Үлкен баласы сол жерде қайтыс болды, қазір кішісі мен анасы аурухананың «Жан сақтау» бөлімінде жатыр.

Бұл - жұртқа мәлім жал­ғыз мысал ғана. Ал, елі­міздің барлық аймағы бой­ынша қандай қайғы-қасі­рет­тердің орын алып жат­қандығы Аллаға ғана аян!

Түйін мынау: обал-сауап­тың не екенін білсе, соңғы оншақты жылдың көлемінде қайта-қайта үкімет бас­қар­ып:«Қазақстанда дағ­­да­рыс болмайды, біз керісінше индустриалдық-инновациялық даму дең­гейін көтерудеміз» - деп, жалған сөйлеп, халықты алдаған үкімет басшысы Кәрім Мәсімов әлгі бесінші қабаттан лақтырылған сә­биді; ал, «Теңгеміздің қуаты күшті, Қазақстанда девальвация болмайды» - деп мәлімдеген Ұлттық банктің төрағасы Қайрат Келімбетов қия­нат көрген ананы жеке қам­қорлығына алып, асы­рап-бақсын! Меніңше, нағыз әділдік – осылайша басталуға тиіс! Әркім өзінің сөзі мен ісіне жауап берсін!

Әрине, тиісті орындар бұл қасыретті «отбасылық кикілжіңге», «күйеуінің қа­тал­дығына», «енесінің ес­сіз­дігіне» жауып, бұрып жі­беруді қазірдің өзінде бас­тап кетті. Тіпті, «отағасы мешітте жұмыс істейді екен» деген асыл дінімізге қарсы дәлелсіз дәйектер да айтылып қалды.

Біздіңше, бұл – еліміздегі жан түршігерлік тұңғыш жағ­дай болғандықтан, мұның себеп-салдары тым тереңде жатқан сияқты..

 

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар