Таймерденовтың назарына: Тергеуші күдіктілердің қорғаушысы ма

/image/2021/05/14/crop-6_215_611x1087_imgonline-com-ua-frame-blurred-pgmppyajba.jpg

Алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен жасалатын алаяқтық қылмыстар күннен күнге түрленіп, өршіп барады. Құқық қорғау органдарының аталған қылмыс түрлерін объективті түрде тергеп-тексермеуі мәселені тіптен ұшықтыруда. Соның салдарынан әккі алаяқтардың құрығына іліккен қаншама адам әуре-сарсаңға түсіп жүр. Солардың бірі – менің қорғауымдағы жәбірленуші Алматы қаласы Алмалы ауданы полиция бөлімі тергеу басқармасының тергеушісі Қылышбек Өтепбайдың заңды белден басқан әрекеттерінің зардабын шегіп келеді. Дегенмен әділеттік елімізде әлі де бар екен. Қылмыстық істі сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімін заңсыз үзіп, ол туралы жәбірленуші мен оның өкіліне хабарламаған тергеушісі Қылышбек Өтепбайдың заңсыз әрекеттеріне берілген шағымды Алматы қаласының ПД бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Рүстем Әбдрахманов қарап, өзінің жеке бақылауына алды. Істің мән жайы төменде баяндалады.

Ерлан Абишев (31.05.1981 жылы туған) және Қартайған Есенбаев (25.01.1957 жылы туған) атты азаматтар менің қорғауымдағы адамның сенімін теріс пайдалану жолымен аса ірі көлемдегі ақша қаражатын жымқырған. Алайда аталған тұлғалардың қылмыстық іс әрекетін дәлелдеу үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеру жан-жақты және объективті жүргізілмеу салдарынан сол кездегі мемлекеттік қызметкер Қартайған Есенбаев қылмыстық жауапкершіліктен құтылып кетті. Тергеуші Қылышбек Өтепбай Қартайған Есенбаевтан куә ретінде жауап алумен ғана шектелді. Ал іс жүзінде осы қылмыстық әрекетке бірден-бір себеп болған дәл осы Қартайған Есенбаев. Жәбірленушіні Ерлан Абишевпен таныстырған да осы Есенбаев болатын.

2020 жылғы 16 шілдеде күдікті Ерлан Абишевтің қылмыстық іс әрекеті сырттай Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігі 2-тармағы бойынша сараланып, Абишев қылмыстық қудалау органынан жасырынуына байланысты сол күні оған іздеу жарияланды.

Тергеуші Қ. Өтепбай 10 тамыз 2020 жылы сырттай күдікті деп танылған Ерлан Абишевке қатысты халықаралық іздеу жариялау туралы қаулы шығарды. Осы күннен бастап тергеуші күдікті Абишов іздеуде, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуге мүмкіндік жоқ деп жәбірленуші тарапты алдаумен болды.

Тергеуші Қ. Өтепбай Алмалы аудандық сотынан М.Мырзағалиұлына қатысы қылмыстық іске тіркелген «S.CULT» өндірістік кооперативінің ГСЛ №006216 санды эскиздік жобасын алу, тергеу әрекетін осы уақытқа дейін жүргізбеді. Аталған жобада Қ. Есенбаевтың қолы қойылған. 2016 жылдың басында Қ.Есенбаев Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасының қызметкері болып жүргенде қызметтік бабын пайдаланып өзінің сыбайласы Е. Абишевпен алдын ала сөз байласып техкеңестен өтпеген «S.CULT» өндірістік кооперативінің ГСЛ №006216 санды эскиздік жобасының жұмыс жобасын сызып, оны мемлекеттік сараптамадан өткізуге әрекеттенген.

Ал тергеуші жәбірленушіні алдау фактісін жан-жақты тергеп тексеру әрекеттерін жасамады. Сондай-ақ Есенбаев пен оны сыбайласы Абишовтың 2015 жылғы 26 желтоқсанда Алматы қаласы Қала құрылысы Кеңесінде сәулетші Жексен Айнабеков қорғап шыққан және техкеңестен өткен эскиздік жобаның орнына басқа эскиздік жобаны ауыстыру фактісіне құқықтық баға беру үшін жан-жақты тергеп-тексеру жүргізілмеді.

Қылмыстық іс материалдарында жиналған дәлелдемелер – Қ. Есенбаев, Е. Абишев және М. Мырзағалиұлының сөйлескен сөздері жазылған дисктер осы күнге дейін СЖҚІҚҰБ Алматы қаласы бойынша департаментінің ТБ АМІ жөніндегі тергеушісі Н.Ж.Жакипбековтан немесе Алмалы аудандық сотынан алынбады, қылмыстық іске тіркелмеді.

Күдікті Е.Абишев пен Қ. Есенбаевтардың сөздерін, олардың дауыстарын идентификациялау үшін сот сараптамасы және сот лингвистикалық, сот филологиялық, сот психологиялық және сот фонографиялық сараптамалар тағайындалмады.

Қылмыстық істі тергеудің жан-жақтылығын, толықтығын және объективтілігін қамтамасыз ету – Қ. Есенбаев пен Е. Абишевтердің әрекетін дұрыс саралап, қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін ғана емес, жалпы заңдылықты қамтамасыз ету үшін қажет.

Тергеуші Қ. Өтепбай жәбірленушінің сенімін теріс пайдаланып аса ірі мөлшерде ақша қаражатын жымқыру фактісіне сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жан-жақты, объективті жүргізбей, аталған қылмыстық іске тікелей қатысты мән-жайларды жәбірленуші мен оның өкілінен жасырған. Сондықтан Қ. Өтепбайдың іс әрекетінен сыбайластық қылмыс белгілерін көруге болады. Ол күдікті Е. Абишев ұсталып, Алмалы аудандық полиция бөліміне жеткізілгенін жәбірленуші мен оның өкіліне хабарламаған. Бұл аздай күдікті Е.Абишевке қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігінде көрсетілген қылмыс құрамының белгілері бойынша 1984 жылы туған В. Лимді алдау арқылы 600 000 теңге қаражатын иемдену қылмыстық ісі өндірістен қысқартылған.

Көрер көзге ұрып тұрған осындай заңсыздықтар ескерусіз қалмай, Қ. Өтепбайдың заңсыз әрекеттеріне берілген шағым Алматы қаласы ПД бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Рүстем Әбдрахмановтың бақылауына алынып, оның жеке нұсқауы негізінде қылмыстық іске объективті тергеу жүргізу үшін В. Лимді алдау фактісі бойынша өндірістен қысқартылған эпизод қайта жаңғырылатын болды. Сонымен қатар бүкіл қала бойынша Е.Абишев пен Қ.Есенбаевтардың қатысумен жасалған қылмыстық эпизоттардың бар-жоқтығын анықтау жұмыстары жан-жақты, объективті жүргізілмек.

Жәбірленушінің заңмен қорғалатын мүддесін қорғау үшін құқық қорғау органының қылмыстық істі объективті жүргізгенінің маңызы зор. Бұл қылмысты ашу үшін және басқа да қылмыстардың алдын алу үшін қажет. Ал Алмалы ауданы ПБ ТБ-нің тергеушілері үш жыл бойы ешқандай нәтиеже шығармады. Олар күдіктілермен етене байланысып алды. Сондықтан жәбірленуші тарап Алмалы ауданы ПБ ТБ-нің тергеушілеріне мүлдем сенбейді. Осы орайда Рүстем Әбдрахманов аталған қылмыстық істі өзінің жеке бақылауына алғанын ісіне адал азаматтың әрекеті ретінде бағалаймыз. Ендігі кезекте қылмыстық істі Алматы қалалық ПД ТБ-і өз өндірісіне алып, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді объективті түрде жүргізсе нұр үстіне нұр болар еді.

Кудабаева Нурзаги Бактыбаевна

Алматы қаласы адвокаттар алқасының мүшесі

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар