Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов стипендия төлеу тәртібіне енгізілгелі жатқан өзгерістер туралы айтты.
– Енді студенттердің, магистранттар мен докторанттардың стипендиясы тікелей олардың картасына түседі. Яғни, 30 жылда шәкіртақы ең бірінші ЖОО-ларға аударылатын. Бұдан былай жоғары оқу орындары студенттердің оқу үлгеріміне қарап стипендия төлейді. Біз осы тұста көптеген тәуекел барын байқадық. Жаңа жүйеге толығымен шілде айында көшу жоспарда бар. Бұл стипендияның алғашқы қадамы, – деді ол.
Аймағамбетов атап өткендей, қазір үш қазақстандық ЖОО пилоттық режимде осындай төлем жүйесі бойынша жұмыс істейді, тағы 23 білім беру мекемесі осындай жүйені енгізуді жоспарлап отыр.
Министрдің орынбасары Бибігүл Асылова стипендияны төлеу схемасын түсіндірді.
– Бірінші кезеңде қаржы орталығы пилоттық режимде жоғары және ЖОО-дан кейінгі ұйымдармен келісім жүргізеді. Кейін ЖОО ақпараттық жүйеде гранттағы студенттер тізімін, олардың оқу үлгерімі, статусы туралы ақпарат береді. Қаржы орталығы бұл мәліметтерді мемлекеттік органдардың деректер базасымен салыстырады. Осының бәрі аяқталғаннан кейін ақпараттық жүйе стипендия мөлшерін автоматты түрде есептеп шығарады. Шәкіртақы студенттердің картасына екінші деңгейлі банктер арқылы аударылады, – деді Асылова.
Пікір қалдыру