"26 млн теңге". Алматы әкімдігі шетелдік блогерлерді шақырмақ

/image/2021/06/03/crop-6_17_742x989_1615412410.jpg

Әлеуметтік желіде Алматы әкімдігі шетелдік блогерлерге 26 миллион теңге жұмсамақ деген ақпарат тарауда. Бұл ақпаратты туризм басқармасының баспасөз қызметі растады.

Protenge Telegram арнасының хабарлауынша, шетелден келетін 20 блогерге 26 млн теңге ақша бөлінбек. Бұл ақшаға Грузия, Армения, Беларусь, Ресей, Украина, Түркия, Корея, БАӘ және Гонконгтен келетін блогерлердің ұшақпен келу-кету билеті, бес жұлдызды қонақ үйі, үш мезгіл тамағы кіреді.

Сондай-ақ оларға Медеу, Көктөбе және Көк базарды көрсетеді. Сапар соңында ұлттық тағамдарды әзірлеуден мастер-класстар өткізіліп, естелік сыйлықтар табысталады.

Әлеуметтік желідегі ақпаратқа Алматы туризм басқармасы түсініктеме берді.

"26 миллион теңгеге "Алматы қаласының туристік ақпараттық орталығы" ЖШС 20 адамға арналған екі блог-тур ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Оған Грузия, Армения, Беларуссия, Ресей, Украина, Түркия, Корея, БАӘ, Гонконгтан блогерлер мен журналистер қатысады.

Блог-тур Алматы қаласының танымын арттыру және оның туристік әлеуетін дамыту мақсатында ұйымдастырылады.

Блог-турға 40-тан астам шетелдік туристік блогерлер мен миллионнан астам адамды қамтыған медиа-жеке тұлғалар кіреді" делінген баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Департамент шетелдік блогерлермен жұмыс жасау Қазақстан мен Алматыға келетін туристер ағынын көбейтетінін атап өтті.

 

 

 

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар