Алматыда мас жүргізуші аялдамада тұрған үш жаяу жүргіншіні қағып кетті. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаменті хабарлады.
Оқиға 5 маусым күні сағат 20:20 шамасында болған.
– Алкоголь және есірткі қолданған 1997 жылғы жүргізуші "Ваз 21099" көлігімен Райымбек даңғылымен батыс бағытта келе жатқан. Ол аялдама кешенінің жанында тұрған жаяу жүргіншілер тобын қағып кетті. Олардың үшеуі түрлі дене жарақатын алып, қаланың медицина мекемелеріне жеткізілді, – деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаменті басшысының орынбасары, полиция подполковнигі Рустам Әбдірахманов.
Аталған дерек бойынша қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 2-бөлігі ("Алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы") бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Күдікті уақытша ұстау абақтысына қамалды.
Пікір қалдыру