«Астана ЭКСПО-2017» компаниясындағы жемқорлық ісі бойынша соттан бұрынғы тексеру жұмыстары аяқталды. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров Парламенттің төменге палатасы өкілдерімен кездесуінде мәлімдеген. Бұл туралы «Қамшы» порталы informburo.kz сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясындағы жемқорлық ісі бойынша күдіктілерге қатысты тергеу жұмыстары аяқталған. Қазір аталмыш іс бойынша айыпталушыларды қылмыстық іс материалдарымен таныстыру процедуралары жүргізілуде. Агенттік төрағасы Қайрат Қожамжаровтың айтуынша, дәл «ЭКСПО-2017» ісі бойынша 24 адам жауапқа тартылуы мүмкін.
Жемқорлықпен күрес агенттігінің төрағасы айтқан ақпараттарға сүйенсек, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясындағы экс-қызметкерлерге «мемлекеттен бөлінген қаражаттан 10 миллиард теңгені талан-таражыға түсірген» деген күдік келтірілуде.
Қайрат Қожамжаров, Мемлекеттік қызмет және жемқорлықпен күрес агенттігінің төрағасы:
-Қолды болған қаржының жалпы сомасы 10 миллиард 200 миллион теңгені құрап отыр. Оның ішінде жеке Ермегияев мырзаның өзі 4 миллиард 200 миллионды заңсыз иемденгендігі дәлелденді. Сондай-ақ, заңсыз жолмен қолды болған ақшаға қонақүй және авто көлік сатып алынғандығы да анықталды. Бұл «ЭКСПО»-ға бөлінген қаражатқа сатып алынған активтерден өзгесі де жетерлік. Тұрғынүй, автокөлік, қонақүй кешендері т.б.
Ал, 13-маусымда «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы АҚ экс-басшысы Талғат Ермегияев пен оның көмекшілері аса ірі көлемде пара алды және бюджет қаржысын талан-таражға салды деген айып бойынша үйқамаққа аланған болатын.
Сондай-ақ, «Астана ЭКСПО-2017» құрылыс департаментінің экс-басшысы Қажымұрат Үсенов те Ермегияевпен бірлескені үшін үйқамаққа алынған.
Кейінірек, құқық қорғау органдары мамандары «ЭКСПО ісінің» үшінші фигуранты ретінде компанияның атқарушы директорларының бірі Суламбек Баркинхоевты да қамауға алғандығы туралы осыған дейін жазған болатынбыз.
Атауы ғана өзгерген, бірақ жемқорлықпен күресетін Қайрат Қожамжаров мырза дәл осыдан бір жыл бұрын ірі тұтқындаулар Әбдішевпен аяқталмайтыны туралы емеурін танытқаны есіңізде болар. Сол сөзі расқа айналуда бүгінде.
Кезінде атынан ат үркетін қазір тарап кеткен Қаржы полициясын басқарған Қайрат Қожамжаров жемқорлармен бел шеше күресуде. Қауіпсіздік кеңесінің хатшылығынан кейін атауы ғана өзгерген Агенттікке екінші рет басшы болып тағайындалған Қожамжаровтың қарқыны қатты. Мәжіліске келген ол бюджет ақшасын ұрлап, пара алуға дәніккен әріптестерімен қалай күресетінін түсіндіргені де есімізде. Айтпақшы айтып еді ғой, Қожамжаров мырза, «Жаңа бастық келсе, ол өзінің командасын бірге алып келеді. Олар мұны тек бір ғана себеппен істейді. Қылмыс жасау үшін және сол қылмысын әшкерелемеу үшін. Басқалай болуы мүмкін емес!»,-деп. Қалай айтқан, ә?
Десе де, қазақстандықтардың арасында «Ермегияевке қастандық жасалған», «Оны әдейі арандатып жіберді», «Ермегияев бөліспей қойған ғой» деген сыбыстар да жоқ емес. Сонда биліктің көзіне «жемқор» болып, ал халықтың көзінде «алтын көріп жолдан тайған періште» образындағы Ермегияев шынымен парақор ма? Әлде... Жемқорлықпен күрес агенттігі басшысы Қайрат Қожамжаров мырзаның өзі айтты, « барлығы дәлелденді» деп. «Ақсақал билік» қалыптастырған «командалық жүйеге» ашық қарсы шыға алатын Қожамжаровтың сөзінен кейін алып-қосарымыз болмас. Ермегияев командасының қылмыстық ісіне қатысты тергеу нәтижелері белгілі болды. Енді халық аузында айтылып жүргендей «подстава» құрбаны болған Талғат Ермегияев қандай уәж айтады деген сұрақ қалды. Осы тұста ескере кеткеніміз тағы жөн болар. Құтылғандар мен тұтылғандар туралы қиссаның бірінші бөлімі осылай аяқталуға жақын. Ахметов, Әбдішев, Ермегияев – қарыштап дамығысы келетін Қазақстанның коррупция дейтін «кеселін» жұқтырғандар ма?
Елбасына серт беріп, сенімін ақтамағандар туралы осының алдында да жазған болатынбыз.
Еске түсіре кетейікші, Ахметов ұсталғанда «ештеңе айтпаймын. Кінәлі болсам қамаңдар» деді. Әбдішев мырза тұтылғанда «коррупцияны ешкім жеңген емес» деген. Ерлан Арын ше? «Елбасынан кешірім сұраймын» деп еді ғой. Енді Ермегияев не дейді екен?
Нұргелді Әбдіғаниұлы