Ұлттық банк «қаһарман» образында ұпай жинауға көшті

/uploads/thumbnail/20170708194313009_small.jpg

Соңғы девальвациядан кейін 1 доллардың бағасы – 300 теңгеге көтерілді. Халық жаппай айырбас орындарының табылдырығын торуылдап, қайтсек пайда көріп қаламыздың қамына көшті. Әдеттегідей Үкімет пен Ұлттық банктің алдында ереуілге шығып, наразылық шараларын ұйымдастырған да жоқ. Оған мүмкіндік те жоқ. Өйткені , дедолларизацялану жобасы –дедемократизацияны күшейткені жасырын емес.

Ал Тәуелсіздік алған ширек ғасырда теңге өз еркінен тыс 40 рет  құнсызданған.

Үкімет пен Ұлттық банктің теңгені еркін айналымға жіберуі халық пен биліктің арасын алшақтата түскені белгілі.  Келімбетовтің қат-қабат жалған мәліметтерінен кейін халық өз билігіне сенбейтінін министр мырзалардың өздері де мойындаған. Мойындамасқа шаралары қалды ма?! Қазақстанның қазіргі билігі қоғамдық процестерге қатысты халық алдындағы  өзінің стратегиялық ықпалын жоғалта бастағаны туралы осының алдында да жазған болатынбыз.

Мәсімов Үкіметі мен Келімбетов мырзалар ендігі жерде долларды ұстап тұра алмайтындықтарын айтып, теңгені еркін айналымға жіберген болатын. Тіпті теңгені ұстап тұру үшін қазынадан 28 миллиард шығындауға мәжбүр болдық деген еді. Демогог баслышардың бұл бажайлауына Мемлекет басшысы да өз үнін қосып, Мәсімовті қолдаған болатын. Осыдан кейін-ақ, теңгенің әуелгі бағасы одан сайын құлдырап кеткен. Бастапқыда құнсыздану  30 пайызды құрағанымен, соңғы 1 айдың ішінде бұл көрсеткіш 50 пайызға жеткен.

Ақыры қолынан түк келмейтінін тағы бір мәрте жасырып қалуға тырысты ма, әйтеуір Келімбетов мырза «қаһарман» рөлін сомдауға кірісті.

Бүгін Ұлттық банк теңге бағамын реттейтінін мәлімдеді. Бірақ, Ұлттық банк теңгенің айырбастау бағамының нарықтық деңгейінің қалыптасуына араласпайды, тек елдің қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет болған жағдайда, валюталық өктемдіктерді жүргізу жолымен ішкі валюта нарығына қатысуға мүмкіндігі бар. Деседе, жағдайды мұндай жолмен реттеу- мәселені уақытша ғана шешетіндігіне көзіміз жеткен. Демек, бұл дағдарыстан құтқаратын жол емес.

Сөйтіп, бүгін «қаһарман» Ұлттық банк араласқаннан кейін доллар 30 теңгеге арзандады.

ҰБ интервенция жүргізуге шешім қабылдағаннан кейін доллар бағасы 270,11 теңгеге дейін төмендеді. Бұл туралы «Қамшы» порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.

17 қыркүйек күні таңертең жасалған сауда 275 теңгемен басталды, ең жоғары баға да осы. Ал ең төменгі баға 268,1 теңгеге тең болды. Сауданың жалпы көлемі 233,5 миллион доллардан асты. Барлығы 24 қатысушы болды.

Осыдан дәл бір ай бұрын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қаржылық қиындықтың Қазақстанды қос бүйірден қысқалы тұрғандығын айтып, экономикалық дағдарыстың келе жатқандығын ескерткенде – Қазаққа мықты «ақсақал биліктің» Мәсімов пен Келімбетовке тісі батпайды дедік. Себебі теңгенің құнсыздануы мен доллар бағасының күрт шарықтауы – бірінші кезекте қарапайым халықтың қалтасына салмақ салды. Әсіресе, ипотекаға және несиеге тұрғын үйлер мен мүлік алғандар 40 пайыздық үстемақы төлеуге мәжбүрлі болып қалды. Жоғарыдағы жайттарды ескере келе, бір емес, бірнеше мәрте халықты алдап соққан алаяқтар жазасыз қалмауы тиіс деп топшыладық.

Теңгенің құлдырауы жылжымайтын мүлік нарығына да теріс әсер еткені белгілі. Бірақ ресейлік экономист-сарапшылар «Қазақстан саналы түрде девальвация жасап отырған жалғыз мемлекет емес» деп сендірді. Иә, Қазақстандағы қаржы жүйесі өз кезегінде Ресейдегі ситуациялардың көшірмесі секілді көрінетіні де жасырын емес.

Түйін: Ұлттық банк теңге бағамын қашанға дейін ұстап тұра алады? Ол үшін тағы қанша миллиард жұмсауы тиіс? Келімбетовке тағы бір мәрте сенеміз бе? Әлде өзімізді-өзііз алдап жүре береміз бе?

 

Нұргелді Әбдіғаниұлы

 

 

 

Қатысты Мақалалар