Абайға қатысты алты сөз ( II бөлім)

/uploads/thumbnail/20170708194320195_small.jpg

                                                                                                    I

Текстология  ақынның  еңбегі қатпаған сәбидей  болған  ең бір солқылдақ тұсы.  Осыдан он жыл бұрын  «Көзілдірігімізді өзгертейік» деген тақырыппен  хакім еңбегіндегі  мәтін  мен  емлеге  қатысты  біршама  ойларымды  ортаға  салған болатынмын.  Әрине, одан кейін де Абайды сан қайталап оқыдық.  Көзім көргенімен көкірегім сезбеген тұстарым тіптен көп-ақ екен. Хакімнің көп еңбектерінің арттағы алаш баласына толығымен  жетпегендігі жайлы баспасөз беттерінде бірнеше  дүркін  шаң бергендігі бар.  Расында,  осы бір күмәннің аныққа айналғандығына хакімнің өз өлеңдері арқылы  тағы да  көз жеткізіп отырмыз.  «Әнді сүйсең менше сүй» деп қатаң талап қоя білетін кемеңгердің ән табиғатына әбден қанық болғандығы  шүбәсіз. Сөйткен Абай  «ән дегеніміз не, оның  сыры мен сымбаты қандай болу керек»   деген сұрақтарға  «Білімдіден аяман сөздің майын, алты өлеңмен білдірдім әннің жайын» деп  ән тақырыбының өзіне ғана  алты өлең арнағандығын  айтады.  Ал, Абайдың академиялық сүзгіден өтіп, жеке кітап ретінде құрастырылған екі том еңбегіндегі  ән  тақырыбына  жазылған өлеңдерінің саны  үшеу ғана.  Біз төмендегі талдауға бармас бұрын,  алдағы айтылмақ әңгімеміздің тұздығы үшін  үш өлеңнің  бірер жолы жайында ғана  қысқаша  сөз шығындасақ  деген  ойымыз бар.  «Көбінесе ән басы  келеді ащы,  кел тыңда деп өзгеге болар басшы» дейді хакім  Абай.  Өлеңнен түсінгеніміз, Асқар Сүлейменовше  айтсақ «дауысты сәл бұқтырып алып  ыра көтеретін» алғашқы   ащы  дауыс  ел назарын өзіне елітетін әннің айрықша тәсілі екен. Ал дегенде самғата ұшырып алып, қауырсынша қалықтататын осы бір тәсіл  намаздың азаны іспетті. Тек ән басында ғана айтылатын АҢДАТПА БҰЛ ҰҒЫМНЫҢ  көптеген  әндеріміздің  келсін келмесін  әр жерінде қолдан қиыстырылуы  ән өнерінің   киесін кетіріп-ақ тұр. Содан шығар  дауыс көрсету дегенді жалау етіп,  ән айту дегеніміз  айғайлай беру дейтіндей можантопай дәрежеге құлдырадық. Қазақтың «ән білмеген ойбайға (дауысқа) зорлайды» дегені осыны көрсетеді. Осы бір ойдың Абай ауызымен  «Құр айғай бақырған, құлаққа  ән бекен...» деп те түрленетіні бар. Бұл ғасырлар  тәжірибесіндегі  халық  талғамымен  Құнанбай баласының  пайым парасатының  әмәнда  бір  арнада  үнемі  тоқайласып отыратындығын  көрсетеді. Мұны қысқаша ғана зерделер болсақ, әнді дауыстан бөлек  АҚЫЛ мен ЖҮРЕК, ТАЛҒАМ мен ТАНЫМ секілді  қасиеттердің айтатынын көрсетеді.  Кемеңгердің «Адам аз мұны біліп ән саларлық» деген  ойының  астары  осыны аңдатады.

Енді 2005 жылы академиялық сүзгіден өтіп, екі том еңбек ретінде құрастырылған ақынның мына бір өлеңінің жолы жайында  қысқаша ғана сөз сабақтасам  деймін.  Әннің эстетикалық ләззатын айтып келе жатқан Абай, өлеңнің  мына бір тұсына келгенде,  кенеттен  нілдей  бұзылып  айнып кетеді. Айталық:

                                «...Көбінесе ән басы келеді ащы,

                               «Кел тыңда!» деп өзгеге болар басшы.

                                Керім толғап тауысар қаңғыр- күңгір,

                                Сол жеріне ойыңмен араласшы...».

Басында айттық.  Алғашы «ащы» дауыспен ел құлағын күйлеп  алып, енді «керім толғап», тағатыңды «тауысар»  тұста мына  «қаңғыр- күңгірі» қайдан пайда бола кетті.  Мынадай «қаңғыр-күңгірден» кейін шырқы  бұзылған есіл әнге енді  қай «ойыңмен араласатындай» бетің қалды.  Ақылға қиғаш келетін осы жеріне келгенде кәдімгідей абдырып қаласың.  Әсілі, бұл ән мәтінінің сөзі «Керім толғап тауысар  қоңыр - күңгір» болса  керек -ті.

 Қателеспеген екенбіз.  Әлихан Бөкейхановтың бастамасы арқылы Мүрсейіт Бікі баласының қолжазбасымен 1909 жылы «Бораганский» баспаханасынан  алғашқы болып шыққан  Абайдың  тұңғыш  жинағында  осы жолдар, дәл  біз ойлағандай нұсқада берілген екен.  Бұл жерде де көңілге  күмән  ұялатпай   қойғызбайтын ақынның «күңгір» деген сөзі бүгіндері қағаберісте қалып, құлаққа тосаң естілгені болмаса, күмбірге жуықтау  үн  мен  дауыс  деген  мағынада айтылып тұр.  «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» күңгір сөзі: «Алыстан немесе іші қуыс нәрсенің  түбінен жаңғырып естілетін  дыбыс» деп беріліпті. Сонда ақынның «қоңыр-күңгірі»  қоңыр  дауыс  мағынасында  айтылып  отырғаны  анық  мағлұм  болды  ғой.  Енді ентігімізді басып, хакім өлеңін  қайыра  бір  айтып  көрелік.

«Керім толғап тауысар қоңыр-күңгір, сол жеріне ойыңмен араласшы». Ессіз әніміздің  мағынасы  енді  жөнге  келген секілді...

 

                                                                                           II

 Абай  ешкімнің заңдастырып  алған  жеке мүлкі емес.  Ол адамзат,  қала берді  қазақ  баласына  ортақ  тұлға.  Әркім  өз  танымының   ішкі терезесінің көлеміне қарай  Абайды көре алады.  Бір  білетінім,  жер бетінен ең соңғы қазақ  жантәсілім еткенде  Абай  сөзі оның денесімен бірге  суиды. Міржақыптың «Зәредей шүбә етпейміз, Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына  сонша  жақындармыз» деп  отырғаны  да осы.  Неге дейсіз ғой?  «Екі  күймек бір жанға әділет пе?»  деген  Құнанбай баласына  енді  ешқандай  қаза  жоқ.

 УАҚЫТ ҰЛЫЛАРДЫҢ АЛДЫНА ТҮСЕ АЛМАЙДЫ ЕКЕН. Ақынның тек биологиялық тәні (денесі) ғана  XIX ғасырдың еншісінде болды демесеңіз, АҚЫЛ  мен  ПАРАСАТЫ  келер замана  кеңістігінде  өмір  сүрді.

 Хакімнің ғасырларды емес, «ЗАМАНДЫ қай  жан  билемек?»  деп сұрауының өзінде үлкен мағына жатыр.  Рас, бұл өзіне ғана қойған сауал болатын.  Заманды  Абайдың  өзінен  басқа  кімнің жүрегі дауалап  билей алуы  мүмкін?

Қош... БҮГІНШІЛ АДАМНЫҢ ЕРТЕҢНЕН АЛАР ЕШҚАНДАЙ СЫБАҒАСЫ ЖОҚ. Ертеңнің  сыйақысы бүгінге берілмесі тағы да анық. Осыны ойласам болғаны түкке тұрғысыз тақырыптармен  айналысып, қара терге малшынып  қағаз шимайлап жүрген  замандастарымды   шынымен-ақ  аяп кетемін.  Әркім өз  ниетіне қарай  нәтижесін көріп те жатыр. Бірақ,  ӨЛІМНІҢ ҮСТІНЕ  ӨМІР ПАТШАЛЫҒЫН ҚҰРУ тек данышпандардың ғана тәлейіне  жазылатын  тағдыр ғой.  Ертең  дедік.  Аяулы Ахметтің  «Ел бүгіншіл,  менікі ертең  үшін»  ұғымының  қазіргінің  «зиялысына» онша   қажеті жоқ-ау деймін.  Себебі  ертеңін  ойлаған  ер (зиялы)  ел  тағдырына  былайша  қарамаса  керек   еді. 

Хакімнің  кешегі  «Ар мен ұят ойланбай, тән асырап, Ертеңі жоқ, бүгінге болған  құмар» бағамы   қазіргі  қазақтың  да  диагнозы ғой.   Өтірік пе?  Кәнеки, алапатымыз  асса   Абаймен  айтысып  көрелік!..

    (жалғасы бар)

Ықылас Ожайұлы

 

Қатысты Мақалалар