Белсендідер Жанболат Мамай мен Инга Иманбай Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің шағымы бойынша өткен азаматтық сот шешіміне байланысты баспасөз конференциясын өткізді. Баспасөз жиынының барысын төмендегі материалдан көруге болады.
Бүгін Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің талап арызы бойынша Алматы қаласы Әуезов аудандық №2 сотында өткен азаматтық-процессуалдық процесте судья Райхан Сартаева шағымданушы тарап пайдасына шешім шығарған.
Судья "белсенділер фильмдегі айыптауларға бірде-бір дәлел ұсынбады, фильмдегі мәліметтер шындыққа жанаспайды" деп мәлімдеді.
Сот шешіміне сай жауапкерлер белсенді ерлі-зайыпты Жанболат Мамай мен Инга Иманбай "Бауыржан Байбектің Алматы қаласы әкімі болып тұрған кездегі жемқорлық әрекеттері туралы" делінген екі тілдегі фильмді Демократиялық партия youtube арнасынан өшіруге, ол жерде айтылғандарды терістеуге, шағымданушы тараптың 438 201 теңге көлеміндегі сотқа кеткен шығынын өтеуге міндеттелді.
Белсенді Жанболат Мамай соттың материалдарды өшіру туралы шешімі орындалмайтынын, аппеляциялық шағым түсіретінін айтты.
Б.Байбек-Ж.Мамай текетіресі белсендінің NurOtan партиясы төрағасының орынбасары туралы екі тілде видеоматериал жариялауынан басталған. Жанболат Мамай ол жерде UZUN Qulaq телеграм каналында, ашық дереккөздерде, бірқатар баспасөз беттерінде жарияланған ақпараттарды, деректерді негізге алып, Б.Байбекті Алматы әкімі болып тұрғанда "бюджет ақшасын "жеп" миллиардер атанды" деп айыптайды. Бұған жауап ретінде Б.Байбек NurOtan партиясының экс-депутаты, бүгінде youtube желісінде видеоблог түсірумен айналысып жүрген Тәңірберген Бердоңғарға сұхбат беріп, оппозиционердің айыптарын терістеп, оны сотқа беретінін мәлім етті. Мұнан соң Жанболат Мамай Қазақстан соты өзін жығып беретінін айтып, Байбекті тікелей эфир режимінде ашық дебатқа шығуға шақырған. Ұзамай NurOtan партиясы атынан мәжіліс депутаты атанған Елнұр Бейсенбаев Qazaqstan арнасының журналисі Нартай Аралбайұлының youtube арнасына сұхбат беріп, Жанболат Мамайдың Бауыржан Байбекті дебатқа шақыруын сынап, Мамайдың өзін дебатқа шақырады. Бұған жауап ретінде Мамай дебатқа басқа-басқаны емес, өзінің сөздерін "өтірік" деген, сотқа беретінін айтқан Бауыржан Байбекті шақырғанын жеткізген.
Дайындағандар; Меліс Сейдахметов, Әли Әлеш, Мөлдір Аблахат
Пікір қалдыру