Соңғы бес жылда елде балаларға қарсы сексуалдық сипаттағы 3893 қылмыс тіркелген. Бұл туралы мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев пен білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке жолдаған депутаттық сауалында мәлім етті.
Депутат дерегінше, 2016 жылдан бері 748 зорлау, сексуалдық сипаттағы 672 зорлық-зомбылық әрекеттері, он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы 1808 әрекет тіркелген. 2020 жылдың қорытындысы бойынша зорлау фактісі 2016 жылмен салыстырғанда 45,8 пайызға артқан.
"Бәрінен бұрын, бұндай қылмыс жасаған адамдардың бостандыққа шығып, қайта осындай қылмыс жасауы қоғамда, жалпы әрбір адамда алаңдатушылық тудырады. Бұқаралық ақпарат құралдарында биылғы жылдың соңына дейін "32 педофил бостандыққа шығады" деген ақпарат тарады. Бұл ретте, жазасын өтеп жатқан қылмыскерлермен қылмыстық-атқару мекемелерінде қаншалықты тиісті жұмыстар жүргізілді және біздің пробациялық қызмет бұл санаттағы адамдармен жұмыс істеуге қаншалықты дайын деген сұрақтар туындайды.
Өздеріңізге мәлім, қылмыстық-атқару инспекцияларының орнына пробация қызметтері құрылды, олардың негізгі функцияларының бірі сотталғандарды түзеп-тәрбиелеуге ықпал ету. Өкінішке орай, олар әлі күнге дейін ескі тәсілдермен жұмыс істейді, бұл қызметте формализм көп.
Осыған байланысты, құрметті Ерлан Заманбекұлы, жоғарыда баяндалған мәселені қатаң бақылауға алуыңызды және келесі сұрақтарға жауап беруіңізді сұраймын:
- қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде осы қылмыс бойынша жазасын өтеушілермен оңалту жұмыстарын жүргізу бойынша арнайы бағдарламалар қабылданды ма, тиісті мамандар бар ма?
- сотталғандар арасында тәрбие және идеологиялық жұмыста қандай тәсілдерді пайдаланасыздар?
- түзеу мекемелеріндегі психологиялық қызмет жүйесінің деңгейін арттыру бойынша қандай шаралар қабылданды, оған жылына қанша қаражат бөлінеді?
- сотталғандарды еңбекпен қамтуда қандай жаңа тәсілдер енгізілді?
Құрметті Асхат Қанатұлы, білім және ғылым министрлігі:
- ауылды жерлердегі далада орналасқан мектеп дәретханаларын ғимаратқа енгізу бойынша қандай шаралар қабылдады, бүгінгі таңда бұл бағыттағы жұмыс қалай жүргізіліп жатыр, жалпы даладағы мектеп дәретханалары жойылды ма?
- қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында білім беру ұйымдарында мектеп инспекторлары жеткілікті ме және оларға жеке кабинет бөлініп бейнебақылау камераларымен толық жабдықталды ма?
- білім беру ұйымдарында психологиялық қызметтің жұмысы қандай деңгейде?" деген депутат министрлерге сауалды қарау нәтижесі бойынша заңмен белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруін сұрады.
Пікір қалдыру