Парламент сенаты ішкі істер қызметінің мәселелері туралы заңды қабылдады. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлімдеді.
– Президент учаскелік инспекторлардың мәртебесін көтеруді тапсырды. Бірінші учаскелік инспекторлардың құзыреті кеңейеді және учаскелік инспектордың көмекшісі лауазымы енгізіледі. Екінші дактилоскопиялық тіркеу уақытын 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін созу қарастырылған. Үшінші, төтенше жағдай министрлігінің құрылуына байланысты бірқатар өкілеттік басқа мемлекеттік органдарға беріледі. Азаматтық қорғау бөліністеріне тергеу жүргізу құзыреті беріледі. Ал өрт сөндіру қызметі өз алдына жаңа статуспен құқық қорғау органдарының ішіне кіреді, – деді Тұрғымбаев.
Министр аудандық бөлімшелерге 2 мыңға жуық учаскелік инспектор көмекшісін енгізу қажеттігін атап өтті.
– Олар неге қалада емес, ауылдарда болады десек. Негізінен бізде патрульдік полиция, көбіне қалаларда. Яғни бір қылмыс орын алса, бірінші болып патрульдік полиция жетеді, кейін учаскелік инспектор барады. Ал ауылдарда керісінше, алғаш көмекке учаскелік инспектор барады, себебі елді мекендерде одан басқа ешкім жоқ. Учаскелік инспектордың көмекшілері кәмелетке толмағандардың ісімен де айналысады. Себебі жергілікті жерлерде балалардың ісін қарайтын тек бір ғана инспектор бар, – деп атап өтті сенат отырысында министр.
Сонымен қатар учаскелік инспекторлардың мәртебесін көтеру үшін 3 жыл ішінде олардың жалақысын өсіру жоспарланып отырғанын және баспана мәселесімен қамту қарастырылып жатқанын айтты.
Пікір қалдыру