"Қауіп туғызады". Президент Тоқаев мәлімдеме жасады

/image/2021/06/17/crop-101_34_363x484_1609842122_kasym-zhomart-tokaev.jpg

Тоқаев ішкі газ нарығындағы баға белгілеу ісін жетілдіруді негізгі мәселелердің бірі ретінде атап өтті. Оның айтуынша, өңірлерді жаппай газбен қамтамасыз ету газды тұтыну көлемінің артуына әкеп соғады. Соңғы бес жылда ішкі нарықтағы газ 40 пайызға, яғни 12 ден 17 миллиард текше метрге дейін артқан. Осы ретте Қазақстандағы газдың бағасы ТМД елдерінің ішінде ең төменгі деңгейде болып отыр. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев газ саласын дамыту жөніндегі кеңесте мәлімдеді.

 – Бұған дейін өңірлер бойынша газ тарифын реттеу және халықты қол жетімді газбен қамтамасыз ету жөнінде тапсырма бердім. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру керек. Бір сөзбен айтқанда, халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтарын, сондай-ақ, жұмысы газ бағасына тікелей байланысты экономика салаларын  жүйелі түрде қорғау мақсатымен баға белгілеудің түсінікті әрі жаңа ашық моделі қажет. Үкіметке 1 қыркүйекке дейін аталған мәселенің әдіс-тәсілдерін әзірлеуді тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент газ тасымалдау жүйесін жаңғырту үшін үкімет пен Қорға, экспорттан, тіпті, жекешелендіруден түсетін табыстарды қоса алғанда, қосымша қаржыландыру көздерін іске қосуды тапсырды.

Оның айтуынша, соңғы үш жылда еліміз бойынша  сұйытылған мұнай газын тұтыну деңгейі екі еседен астам өскен.

– Тек Маңғыстау облысында автокөліктердің 90 пайыздан астамында сұйытылған газ пайдаланылады. Өңірдің негізгі газ жеткізушісі Қазақ газ өңдеу зауыты болып табылады. Оның негізгі құрал-жабдықтарының 90 пайызы тозған. Зауыттың апаттық жағдайларға байланысты тоқтап қалуы халықты газсыз қалдыруы мүмкін. Осы ретте Қазақ газ өңдеу зауытының базасында салынатын жаңа газ өңдеу зауытының құрылысын кешіктіру экономикалық тұрғыдан ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік жағынан да қауіп туғызады. Үкіметке "Самұрық-Қазына" қорымен бірлесіп, аталған бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырамын. Жаңа зауыт 2023 жылдан кешікпей пайдалануға берілуі тиіс, – деді президент.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар