Батыс Қазақстан, Орал қаласында жоғары сыныптардың 700 оқушысы жұмысқа орналастырылды. Оларға айына 42 500 теңге төленеді деп хабарлады Мой город сайты.
Орал қалалық білім бөлімі тәрбие жұмысы және қосымша білім беру секторының меңгерушісі Жазира Рысқазиева жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары жазғы демалыста қоғамдық жұмыстарға қатыса алатынын айтты. Сөзінше, 10 мен 11 сыныптарға көшкен балалар жаз айларында мектепте жұмыс істеп, ақша табуына мүмкіндік бар.
Бүгінгі таңда тізім жасалып, оған 700 оқушы енген. Оқушылар негізінен мектеп аумағын жинауға, іс қағаздарға көмектеседі, кітапханада жұмыс істейді. Ауыр жұмысқа жегілмейді.
Жазира Рысқазиеваның айтуынша 14 пен 16 жасқа дейінгі балалардың жұмысы аптасына 24 сағаттан, ал 16 мен 18 жасқа дейінгі оқушыларда 36 сағаттан аспауы керек. Оқушыларға айына 42 500 теңге жалақы төленеді. Мектеп оқушысы білім беру ұйымына тек "Жұмыспен қамту орталығы" арқылы келісімшарт бойынша жұмысқа тұрады. Жұмыс уақыты кезінде балаға мектеп жауапты болады.
Пікір қалдыру