2021 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандықтардың нақты табысы 5 пайызға артады. Бұл туралы премьер-министр Асқар Мамин парламент палаталарының бірлескен отырысында мәлімдеді.
Үкімет басшысының айтуынша, жыл соңына дейін 1,2 млн халық жұмыспен қамтылады.
– 2021 жылдың қорытындысы бойынша үкімет алдында экономика өсімін 3,5-4,0% деңгейінде қамтамасыз ету және 1,2 млн адамды жұмыспен қамту шараларын іске асыру міндеті тұр. Бұл халықтың нақты табысын 5%-ға арттыруға мүмкіндік береді,– деді Мамин.
Сонымен қатар үкімет алдында 8 трлн теңгеге 415 инвестициялық жобаны іске асыру, 17 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру, 200 мектеп салу және 30 медпункт ашу, 6 мың шақырым автожол салу және жөндеу, қаладағы халықты ауыз сумен 98 пайызға және ауылды 91,8 пайызға қамтамасыз ету жоспары тұр.
– Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін пайдалану үшін 1050 шақырым каналды жөндеу жоспарланып отыр, бұл суарылатын жерлерді 78 мың гектарға ұлғайтуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті премьер-министр.
Пікір қалдыру