"5-6 адамға бірден жұғады". Қазақстанда "үнді" штаммына тән мутация анықталды

/image/2021/06/21/crop-110_6_436x581_photo_365371.jpeg

Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі ел аумағында үнді штаммының таралу ықтималдығын анықтады. Бұл туралы министрліктің ресми сайты хабарлады.

Министрлік мәліметінше, Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус жұқтыру деңгейінің күрт өсуіне байланысты науқастардан алынған оң зертханалық үлгілердің ПТР скринингі өткізілген.

"Скрининг нәтижелері бойынша "Дельта" штамына ("үнділік" штамм) тән мутацияға күдікті жағдай анықталды. Мутацияның болуын және оның "Дельта" штамына жататындығын түпкілікті растау ДНҚ үлгілерін толық геномдық секвенирлеу аяқталғаннан кейін белгілі болады" делінген хабарламада.

Министрлік дерегінше, "Дельта" коронавирус штамы аса контагиозды және анықталған штамдарға қарағанда жұқпалылығы 60%-ға жоғары, қазіргі айналымдағы штамдар 1 адамнан орта есеппен 3-4 адамға таралатын болса, бұл штамм 5-6 адамға бірден жұғады және 7 күнге созылатын қысқа инкубациялық кезеңмен сипатталады.

"Індетті жұқтырғандар буындар мен іштің қатты ауырсынуын сезінеді, жүрек айнып, лоқсиды, ауру салдарынан адам саңырау болып қалуы әбден мүмкін және аяқтардың микротромбозына әкеледі. Соңғы зерттеулер көрсеткендей, коронавирустың "Үнділік" штамы ауруханаға жатқызу мен өлім-жітімнің жоғары ықтималдығымен байланысты" делінген хабарламада.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2021 жылғы 20 маусымдағы мәліметтері бойынша SARS-CoV-2 "Дельта штамм" әлемнің 174 елінде анықталған.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар