Балаларға зорлық-зомбылық көрсететіндердің 20 пайызы өз әкелері мен өгей әкелер – Ерлан Тұрғымбаев

/image/2021/06/30/crop-128_11_552x736_897.jpg

Қазақстанда отбасылық тұрмыста жасалған қылмыстардың саны 37 пайызға артып, балалар суициді өскен. Бұл туралы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев tengrinews.kz сайтына берген сұхбат барысында айтты. 

– Әйелдер мен балалар зорлық-зомбылыққа ұшыраған халықтың әлсіз бөлігіне айналып отыр. Балаларға зорлық-зомбылық көрсететіндердің 20 пайызы өз әкелері мен өгей әкелер. Қалған 80 пайызы туыстарының зорлығына ұшырайды. Қоғамда балалар қорғалудың орнына керісінше зорлық-зомбылық құрбаны болуда, – деді министр.

Тұрғымбаев мәселені шешу үшін қосымша мамандар жұмылдырылғанын айтты.

– Реформа аясында осы мәселені шешу үшін бірқатар лауазымдарды бекіттік. Бірінші кезеңде кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі 448 инспекторды қызметке алдық. Олар қазір бекітілген аумақтарда жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ әйелдерге зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл бөлімшелері бойынша 129 маман бар, – деді Ерлан Тұрғымбаев.

Министрдің сөзінше, әйелдер көбіне күйеулеріне арызданып, екінші күні арызын қайтарып алады. Оған күйеуі отбасының жалғыз асыраушысы болуы, сондықтан "түрмеде отырғаннан гөрі осылай жүре берсін" деп ойлауы себеп.

– Бұл әрине отбасының ішкі мәселесі. Бірақ балаларды қорғау керек. Ата-аналардың жауапкершілігі болуы керек. Өйткені балаларға көбіне ата-аналары қорлық көрсетеді және жауапкершіліктен қашуға тырысатын жағдайлар көп кездеседі, – деді министр.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар