Лондон олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова мен бокстан ұлттық құрама капитаны, әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев Токиода Қазақстан олимпиада құрамасының Ту ұстаушылары ретінде таңдалды. Бұл туралы Ұлттық Олимпиадалық комитеті жариялады.
Ту ұстаушыларды Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитеті Атлеттер комиссиясы ұсынған.
– Тарихи Токио олимпиадасының басталуына бір айдан аз уақыт қалды. Сағына күткен Олимпиада ойындары өтеді және де оған Қазақстан мақтанышпен өзінің ең үздік спортшыларын аттандырады. Ең лайықтылары іріктелінді. Мен Ольга Рыпакованың олимпиаданың ашылу салтанатында Қазақстан Туын алып шығатынына қуаныштымын. Себебі, Ольганың арқасында көк байрағымыз олимпиада көгінде бір емес, бірнеше рет желбіреді. Қамшыбек Қоңқабаев – қазақстандық спорттың күші мен шеберлігінің үлгісі, Олимпиада шаршы алаңында зор жауапкершілікке ие болған бокс құрамасының капитаны. Екі спортшы да қатарластарының алды, құраманың көшбасшылары және жас буынға үлгі. Қос атлетке және барлық олимпиадалық құрамға сәттідік тілеймін, – деді Қазақстан ҰОК басшысы Тимур Құлыбаев.
Ольга Рыпакова үшін Токиодағы Олимпиада оның спорт мансабындағы төртінші олимпиада болмақ. Ол үш қарғып секіру бойынша 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында күміс, 2012 жылы Лондонда алтын және 2016 жылы Риода қола медаль жеңіп алған.
Бұдан бөлек, Ольганың еншісінде Универсиадада алтыны және Азия ойындарының алты алтын медалі бар. Сондай-ақ ол әлем чемпионы және 2010 жылғы құрлықтық кубогтің иегері.
Қамшыбек Қоңқабаев бокстан Қазақстан ерлер ұлттық құрамасының капитаны. Ол 2014 жылғы әскерилер арасында әлем чемпионы, Азия чемпионатының екі дүркін және 2017 мен 2019 жылғы әлем чемпионаттарының күміс жүлдегері. Токио олимпиадасы 29 жастағы қызылордалық спортшы үшін алғашқы олимпиада ойындары болмақ.
Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты 23 шілдеді Токио олимпиада стадионында өтеді. Олимпиадалық команда Токиоға жіберілгенге дейін жаттығу базаларында кем дегенде екі апта карантинде болады. Команда Жапонияға 16 шілдеде аттанады. Қауіпсіздік пен денсаулықты қорғауды қамтамасыз ету үшін делегацияның рейстері "Air Astana" әуекомпаниясының чартерлік рейстерімен жүзеге асырылады.
Қазақстандық спортшылар Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарына спорттың 27 түрінен 96 жолдама жеңіп алған. Төртжылдықтың басты додасында барлығы 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Пікір қалдыру