Қазақстандық спортшы Жалғас Жұмағұлов UFC-дегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Бұл туралы sport.kz сайты хабарлады.
Ол Лас-Вегаста (Невада штаты, АҚШ) өткен UFC 264 турнирінде америкалық спортшы Джером Риверамен (10-5) айқасты. Жеңіл салмақтағы бұл жекпе-жек үш раундқа жоспарланған еді. Алайда Жалғас Жұмағұлов алғашқы раундта-ақ қарсыласын жеңді.
– Мен өте бақыттымын! Алғашқы жекпе-жегім сәтсіз болды. Мен елімді жеңісіммен қуантқым келді. Қазір халқым ұйықтамай күтіп отырғанын білемін. Бәрі осы жекпе-жекті күтті. Мен бүгін елім үшін жеңіске жеттім, – деді қуанып Жалғас Жұмағұлов.
Жұмағұлов үшін бұл – ММА кәсіби мансабындағы он төртінші, ал UFC-дегі алғашқы жеңісі. Бұған дейін промоушндегі алдыңғы екі ойында ол төрешілердің шешімімен Раули Пайвадан (20-3) және Амир Альбазиден (14-1) жеңіліп қалды.
Пікір қалдыру