Атырау облысында тұрғындарды вакцинацияға ынталандыру мақсатында "Вакцина салдырып, ақшалай сыйлық ұт" акциясы өтіп жатыр. Акция аясында алғашқы сертификаттар табысталды. Бұл туралы Caspian New телеарнасы хабарлады.
Өткен аптада Атырау облысының Азаматтық Альянсының ұйымдастыруымен 10 адам 200 мың теңгеден иеленген. Жеңімпаздар кездейсоқ сандар генераторының көмегімен анықталған.
Азаматтық Альянс президенті Әлібек Семғалиев мұндай бастама вакцинациялау қарқынын жеделдетуге септігін тигізетінін айтады.
Азаматтық Альянс ақпаратынша, акция аясында қыркүйек айына дейін әр 10 күн сайын 200 мың теңгелік 10 сертификат ойнатылмақ. Ұтыстың екінші кезеңіне 30 маусым мен 30 шілде аралығында екпе салдырғандар автоматты түрде қатысады.
Сондай-ақ 3 миллион теңгеден 4 сертификат ойнатылады. Соңғы ұтысқа 1 ақпаннан бастап облыстағы екпе пунктерінен вакцина салдырғандар қатыстырылады. Жалпы ұтыс құны 40 миллион теңгені құрайды.
Пікір қалдыру