Қостанай облысына қарасты Тобыл өңірінде 3 адам "сібір" жарасын жұқтырған. Бұл туралы Астана арнасы хабарлады.
Ауруды жергілікті серіктестіктің жұмысшылары жұқтырғаны анықталды. Дәрігерлер қазіргі уақытта жағдайлары тұрақты екенін айтты.
Ветеринария басқармасының басшылығы Денисов ауданындағы жауапкершілігі шектеулі серіктестік аумағына карантин енгізілгенін мәлімдеді. Ондағы 10-нан астам ірі қараның өлексесі арнайы пештерде өртеліп, қора-қопсы залалсыздандырылған. Қалған түліктің бәріне вакцина салынған. Басқа елді-мекендердегі эпизоотиялық жағдай тұрақты екенін атап өтті.
– Шаруашылық өзі жеке орналасқан. Маңайында ешқандай жақын елдімекен жоқ. Жеке секторлардың да малы жоқ. Сондықтан жаңағы диагноз анықталғаннан кейін ветеринария басқармасының басшылығымен және қадағалауымен Денисов ауданындағы ветеринария станциясы қажетті іс-шараларды атқарды. Біздің болжам бойынша сібір жарасының қоздырғышын жыртқыш аң, құстар сосын кеміргіштер басқа жақтан әкелуі әбден мүмкін, – деді Қостанай облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Бекет.
Пікір қалдыру