Президент Қасым-Жомарт Тоқаев эпидемиологиялық ахуал жөнінде кеңесте коронавирус инфекциясын жұқтырып жатқандар саны көбейіп жатқанын айтты.
– Соңғы кезде коронавирус жұқтырғандардың саны күрт артып кетті. Күн сайын 5 мыңнан астам науқас тіркелуде. Бір апта бұрын осы мәселені Үкіметтің кеңейтілген отырысында қарастырдық. Сол кезде Үкімет ахуалды бақылауда ұстап отырмыз деп мәлімдеген болатын.
Бірақ, өкінішке қарай, жағдай жақсаратын емес. Керісінше, эпидемиологиялық ахуал нашарлап барады. Әсіресе, елордадағы жағдай өте күрделі, – деді Тоқаев.
Ол өңірлердің басым бөлігі қызыл аймақта екеніне, ауыр және аса ауыр жағдайдағы науқастардың саны күн сайын көбейіп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді.
– Ең өкініштісі, азаматтарымыздан айырылып жатырмыз. Сондықтан шұғыл түрде іс-шараларды қолдануымыз керек. Тиісті жұмыс жоспарын дайындап, оны міндетті түрде іске асыруымыз қажет.
Біздің ең өзекті мақсатымыз – вирустың таралуын тоқтату емес. Әлемдік тәжірибе мұның мүмкін емес екенін көрсетіп отыр. Ең бастысы – аса ауыр науқастардың көбеюін болдырмау, адам өмірін сақтау. Сондықтан, оның бір ғана жолы бар. Бұл – жаппай вакцинация, екпе салу, – деп атап өтті Тоқаев.
Пікір қалдыру