Болат Әбілов: 16 желтоқсан мен үшін шынайы тәуелсіздік емес

/image/2021/07/23/crop-10_17_697x1239_whatsapp-image-2021-07-23-at-19.14.39.jpeg

Тәуелсіз Қазақстандағы алғашқы ірі бизнесмендердің бірі Болат Әбілов төл валюта – теңге қолданысқа енгізілгенге дейін Қазақстан рубльге тәуелді болып, экономика қатты зардап шеккенін айтты.

Кәсіпкер экономика үшін қиын шақ 1993 жылғы тамызда туғанын еске алды.

– 1991, 1992 жылдары бәрі жақсы еді. Тек девальвация сұмдық болатын. Жағдай 1993 жылғы тамызда қиындай бастады. Борис Ельцин (Ресейдің сол кездегі президенті – ред) тамыздың басында екі аптадан кейін рубльдің еркін айналымы басқа елдер аумағында тоқтатылатынын айтты. Ол кезде рубльді Қазақстан мен Тәжікстан (Ресейден бөлек - ред) қолданатын. Осы кезде Қазақстан экономикасы қатты зардап шекті, көптеген қателіктерге жол берілді. Ельцин мәлімдемесінен кейін Ресей ескі рубльді қабылдауды бас тартып, жаңа рублін шығарды. Ал ескісін жоюы керек болған. Бірақ олар олай етпей, ұшақпен ескі рубльді Қазақстан аумағына алып келіп, біз долларға сатып алған тауарды жоқ ақшаға, кәдімгі қағазға алып кетті. Спорттық киім киген жігіттер сөмке-сөмке ескі ақшамен келіп, біздің тауарды сатып алатын. Сол қыркүйек, қазан айларында Қазақстаннан миллиардтаған тауар кәдімгі қағазға, өтірік ақшаға жылыстап кетті. Шешімнің (Қазақстанның төл валютасын шығару туралы шешім – ред) ұзақ қабылданғанына таңмын. Ұлттық валюта қолданысқа енген 1993 жылғы 15 қараша – мен үшін нағыз тәуелсіздік символы. Тәуелсіздікті жариялаған 16 желтоқсанда емес, әнұран, елтаңба, ту қабылданғанда емес, олар бар болғанымен қолмен ұстап, сезіне алмайсың, теңге қолданысқа енген 15 қарашада ғана бизнесмен, адам ретінде тәуелсіздікті сезіндім. Қаржылық саясатымызды, алтын-валюта қорымызды жүргізіп, Мәскеу, Кремль не айтады екен деп жалтақтамай өмір сүру басталғанда ғана мен тәуелсіздіктің не екенін сездім, – деді Әбілов медиакәсіпкер Арманжан Байтасовқа берген сұхбаттар сериясы барысында.

Қазақстан тәуелсіз ел болып жариялаған 1991 жылғы 16 желтоқсаннан екі жылға жуық уақыт өткеннен кейін өзінің ұлттық валютасын қолданысқа енгізген. Оған дейін Кеңес одағының рублі қолданылып келді. 

Сондай-ақ Қазақстан егемендік туралы декларацияны Кеңес үкіметіне енген елдер арасында соңғылардың бірі болып жариялаған. Кей сарапшылар мұны сол кездегі биліктегілердің саяси жалтақтығымен, Мәскеудің қас-қабағын аңдып, солардың айтқанынан шыға алмағанымен, одақты сақтап қалуға тырысқанымен байланыстырады.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар