Ақмола облысына жасаған жұмыс сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа аймақ әкімі Ермек Маржықпаев өңірдегі жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар мен Көкшетау қаласының даму перспективалары туралы есеп берді.
Президент ауыл шаруашылығы машиналарын жасау ісін дамыту мәселесіне назар аударып, Көкшетау қаласы осы саладағы басты тірек орталықтардың бірі екенін атап өтті.
– Бұл – ел экономикасының аса маңызды әрі перспективті бағыты. Бүгін мен Қазақстанның ауыл шаруашылығы державасына айналуы тиіс деп айттым. Бұл – өршіл, бірақ қол жеткізуге болатын мақсат. Осы ретте облыстың рөлін асыра бағалау қиын. Бұл бағытта біз мемлекетіміздің ауыл шаруашылығы әлеуетін күшейтуге бағытталған Ақмола облысының күш-жігерін қолдаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу туралы шешімнің дұрыстығына тағы бір мәрте тоқталды. Президенттің айтуынша, сайлау ашық әрі әділ өтті. Тұрғындар тарапынан шағым түспеген.
– Енді, жергілікті әкімдер өздерін сайлаған азаматтардың алдында тікелей жауап береді. Олардың өз бағдарламалары болды. Сол бағдарламаларды жүзеге асыруы қажет. Сонымен қатар облыс әкімдері сайланған азаматтарға көмектесуі керек. Осы ретте мен мына мәселеге ерекше мән бергім келеді. Сайланған әкімдер өздерінің кездейсоқ сайланбағанын іспен дәлелдеуі қажет. Олар өз бағдарламаларын сөзбен емес, іспен орындауға тиіс. Өкінішке қарай, біз көп сөйлеп, аз іс атқарамыз. Ал біз бұл жағдайды 180 градусқа өзгерткеніміз жөн. Яғни, көп істеп, аз сөйлеуіміз қажет, – деді ол.
Пікір қалдыру