Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жаңа оқу жылында оқушыларға тек мектеп формасын ғана емес, классикалық стильдегі киімді де киюге рұқсат берді. Алайда тігіншілер министрдің бұл шешіміне наразы, деп хабарлады КТК арнасы.
Тігін кәсіпорнының жетекшісі Сергей Сокирко министрдің бұл мәлімдемесіне тігіншілер тарапынан наразылықтар туындап жатқанын жеткізді.
– Күтіп жүргеніміз мүлдем басқа жаңалық еді. Былтыр жеңіл өнеркәсіптегілердің жартысында жұмыс тоқтады. Енді білім министрі биыл қалғанын құртайын деп отыр. Миллиондаған ақшамызға қаншама шикізат сатып алдық. Өткен жылы трикотаж бен іскерлік киімдерді тігіп, әйтеуір аман қалғанбыз. Енді қайтіп күн көреміз?!, – дейді Сергей Сокирко.
3 тамыз күні Асхат Аймағамбетов facebook парақшасында жаңа оқу жылында балаларға классикалық стильдегі киім киюге рұқсат берілетінін мәлімдеген.
Аймағамбетовтың айтуынша, қазіргі кезде дүкендер белгілі бір уақытта, ал кейбір қалаларда жұмыс күндері ғана істейді. Егер ата-аналар балаларға мектеп формасын сатып алу үшін сауда орталықтары мен дүкендерге жаппай баратын болса, онда ұзын-сонар кезектер болып, Covid-19 жұқтыру қаупі күшейеді. Сонымен қоса кейбір отбасыларға мектеп формасын сатып алу отбасылық бюджетке қосымша жүктеме болуы мүмкін.
Пікір қалдыру