Германияның қоғамдық денсаулық сақтау органы Роберт Кох институты вакциналардың вирусқа қарсы тиімділігі жоғары екенін анықтады. Неміс саясаткерлері елде вакциналауды күшейтудің ең жақсы әдісін талқылап жатыр.
Германияның қоғамдық денсаулық сақтау органы Роберт Кох институты шығарған жаңа зерттеулерге сәйкес, Германияда коронавирусқа қарсы жаппай вакциналау науқаны мыңдаған адамдардың өмірін құтқарып қалды.
Баяндамада не айтылды?
Зерттеу институты жариялаған есепте вирустың "үшінші толқыны" кезіндегі вакциналау 38 000 өлімнің алдын алғаны көрсетілген. Сонымен қатар, вакцина арқылы 706,000-нан астам адам инфекциядан қорғалған.
Есептелген модель Германияның жаппай вакциналау науқанының соңғы 6,5 айындағы мәліметтерге негізделген.
Ақпаратқа сәйкес, вакциналау 76,000-нан астам адамның ауруханаға жатқызылуының алдын алған және 20,000-ға жуық адам реанимация бөліміне түсуден аман қалған.
Неміс зерттеу институты вакцинаның вирусқа қарсы тиімділігі жоғары екенін анықтады. Денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, вакцина "пандемиядан шығуға жол ашады".
Германияда 45 миллион адам толық вакциналанды
Неміс билігі қазіргі уақытта елде вакциналауды жақсартудың ең жақсы жолын талқылап жатыр.
Денсаулық сақтау министрі Йенс Шпан Германияда 45 миллионнан астам адам яғни халықтың 54,5%-ы толық вакциналанғанын мәлімдеді.
Германияда жалпы 51,8 миллион адам немесе 62,3% халық вакцинаның кем дегенде бір дозасын алды.
Шпан жақында 12 жастан 17 жасқа дейінгі балаларға вакцина егуді ұсынды, бірақ бұл идеяны неміс ұлттық реттеушілері әлі мақұлдаған жоқ.
"Вакцина алу - бұл жеке шешім, бірақ сонымен бірге бәрімізге де әсер етеді" деп жазды Шпан твиттерде.
Вакциналау саясатына қатысты қайшылықтар
Франция және Италия сияқты еуропалық елдерде қоғамдық орындарға кіру үшін тұрғындардан вакциналанғанын немесе COVID-19-дан емделгенін растауды талап етеді.
Бұл елдердің шешімі жаппай наразылыққа ұшырады. Кейбір азаматтар бұл саясат олардың бостандықтарына нұқсан келтіреді деп санайды.
Германияда "Querdenker" қозғалысының қолдаушылары коронавирустық шектеулер мен вакциналарға қарсы көшеге шықты.
Кейбір неміс саясаткерлері вакцинаны міндетті етуге қарсы болды.
Германия Бундестагындағы еркін демократиялық партиясының мүшесі Эндрю Уллман "Deutschlandfunk" агенттігіне берген сұхбатында вакцинаны қолдайтынына қарамастан, мәжбүрлеуді тиімді саясат деп санамайтынын айтты.
Пікір қалдыру