"Олар менің тағдырымды аяқ асты етеді". Ауған қызының жазған хаты

/image/2021/08/18/crop-26_6_161x215_96.jpg

Ауғанстанда әйелдер соңғы 20 жыл бойы білім алу, жұмыс істеу және еркіндік үшін күресіп келді. Енді ел Талибан қозғалысының қарауына өткеннен кейін әйелдердің әрқайсысы сол күресі үшін жазалануы мүмкін. "The Guardian" басылымы осынау шиеленісті жағдайда жанайқайын жеткізген ауған қызының хатын жариялады. Төменде хат мазмұны қазақшаға аударылып, ұсынылып отыр.

Жексенбі күні таңертең мен университетке сабаққа бара жаттым. Қыздар жатаханасынан бір топ әйелдің жүгіріп келе жатқанын көрдім. Мен не болғанын сұрағанымда "Полиция бізді эвакуациялайын деп жатыр, өйткені тәліптер Кабулға кірді және олар паранджасы жоқ әйелдерді ұрып соғады екен"  деп жауап берді. Біз бәріміз үйге қайтқымыз келді, бірақ қоғамдық көлікті пайдалана алмадық. Ешкім бізді көліктеріне отырғызбады, өйткені біз үшін жауапкершілік алғысы келмеді. Әсіресе провинциядан келген қыздар қатты қорықты, олар қайда барарын білмеді. 
 
Getty Images

Осы уақытта көшеде тұрған ер адамдар қыздар мен әйелдердің үстінен күліп тұрды. "Барыңдар паранжаларыңды киіңдер", "Бұл сендердің соңғы рет көшеде жүргендерің", "Мен сендердің төртеуіңе бір күнде үйленемін" деп бізді мазақтап жатты.

Getty Images

Мемлекеттік мекемелер жабылған кезде, менің әпкем үйге бірнеше шақырым жаяу жүріп келді. Ол "мен төрт жыл бойы жұмыс істеген компьютерімді әрең өшірдім, әріптестеріммен жылап қимай қоштастым, бұл менің жұмысымның соңғы күні екенін білдім", деді маған. 

Мен бір уақытта Ауғанстанның ең жақсы деген екі университетін аяқтадым. 2021 жылдың қараша айында Кабулдағы америкалық және ауғанстандық университетті бітіруім керек еді. Бірақ бүгін үйге келгенде,  менің өмірім көз алдымнан өтті. Мен бүгінге күнге жету үшін көптеген жыл бойы күн, түн демей жұмыс істедім.

Әпкем екеуміз бірінші кезекте жеке куәліктерімізді, дипломдарымызды жасырдық. Бұл - қорқынышты болды. Неліктен біз мақтан тұтатын нәрсені жасыруымыз керек? Өйткені қазір Ауғанстанда бізге кім екенімізді көрсетуге рұқсат етілмейді.

Getty Images

Әйел ретінде мен өзімді саяси соғыстың құрбаны сияқты сезінемін. Мен енді қатты күле алмаймын, сүйікті әндерімді тыңдай алмаймын, сүйікті кафеде достарыммен кездесе алмаймын, енді сүйікті сары көйлегімді, қызғылт далабпен ернімді бояй алмаймын. Енді мен жұмысқа бара алмаймын немесе бірнеше жылдар бойы оқыған университет дәрежесін ала алмаймын.

Мен тырнақтарымды бояуды жақсы көрдім. Бүгін үйге оралғанда сұлулық салонына қарадым, ол жерге маникюр жасауға баратынмын. Қыздардың әдемі суреттерімен безендірілген дүкеннің қасбетін түнде ақ түске бояп қойыпты.

Қазіргі жағдайда менің көзіме әйелдердің қорқынышты, үрейлі түрлері мен әйелдерді жек көретін, оларды адам құрлы көрмейтін, олардың бостандықтары болмағанын қалайтын еркектердің ұсқынсыз түрлері ғана көрінеді. 

BBC

Біздің елдің жігіттері бізді қорғаудың орнына, таліптердің жағына шыққан. Ауған әйелдері өздерінің осы күнгі бостандығы үшін көп нәрсені құрбан етті.  Мен жетім болғандықтан, білім алу үшін кілем тоқуға мәжбүр болып, көп жұмыс істедім. Көптеген қаржылық проблемаларға қарамастан, болашаққа жоспарларым көп болды.

Енді бәрі осылай аяқталатыны менің жүрегімді қатты ауыртады. Енді мен өмірімнің 24 жылында қол жеткізген барлық нәрсені өртеуіме тура келеді. Енді олар менің тағдырымды аяқ асты етеді. 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар