Мен қолынан ұстағым келетін ер азамат қайда жүр?

/uploads/thumbnail/20170708194755715_small.jpg

Барлығымыз  өз қиялымызда «Бақыт» жайлы  ертегі құрастырып алғанбыз. Соған имандай сенеміз. Біздің қиялымыздағы ертегіге өмірдің кейіпкерлері ұқсамай қалса, оған жат та кеп өкпелейміз. Неге оған өкпелейміз? Неге дұрыс қиялдамаған өзімізге кінәрат артпаймыз? Анығында әрбір қыз баласы былай ойлағаны абзал:

Қазіргі заманда көп адам қарым-қатынасты біртұтас талаптар тізімімен бастайды. Нағыз жігіт мынадай болуы тиіс, нағыз әйел пәлендей дегендей.

Жанымда қандай азаматтың болғанын қалайтынымды өзім ғана білемін. Жұрттың бәріне ұнай қоймас. Маған ештеңе берешек емес. Ол тек соңынан ергің келетін ер жігіт.

 Соңынан ергің келетін ер жігіт жер бетіндегі барлық адам сияқты түрлі қателіктер жасайды. Ара-тұра өзіне сенімсіздік танытады. Бір іспен шұғылданады. Жаңасын бастап көреді. Кейде құлайды. Сүрінеді. Сосын қайтып тұрады. Ары қарай жолын жалғастырады. Ол супер қаһарманның киімін киіп алып түн жарымында жарыс көлігіне отырып алып қала көшелерін кезбейді. Тікұшағын әйнектен тұрғызылған биік ғимараттардың төбесіне қондырмайды. Қалтасына қару салып жүрмейді. Көшеден сымдай тартылып жүріп өткенде сұлу біткеннің бәрі мойнын бұрып үзіліп кете жаздамайды. Ол жер бетіндегі жеті миллиард адамның біреуі ғана. Таң сәріден оянып, басқа адамдар секілді күнін өткізетін екі аяқты пенде. Мен сияқты, сен сияқты. Қаны да қызыл. Барлық адамдікіндей.   

Соңына ергім келетін ер азамат көп жұмыс істейді. Өзін жетілдіруге күш салады. Әлемді билеуге де. (Жігіттер жалпы әлемді құтқаруға келгенде алдына жан салмайды). Бұл маған ұнайды. Ол әлемді құтқарғанша істейтін ұсақ-түйек тіршіліктерім баршылық. Мен ылғи да байланыс аясындамын. Әрдайым оның жанында жүрем. Әрқашан көз алдындамын. Өйткені, бұл менің табиғи болмысым. Өйткені, мен әйелмін. Әйел болу деген сүю, сену, қуатын еселеу, оның басына қандай бұлт үйірілсе де жанында болу. Сосын оның кемшілік, қателігін өзгемен талдамау, сөз етпеу. Өйткені, әйелдің махаббаты – қателікті сөз қылу емес. Егер соңынан еруге тұрарлық Азамат болса, онда ол бәрін дұрыс жасайды. Басқаша болуы мүмкін емес. Ол бастайды, мен ілесем.  

Соңынан ергің келетін жігіт кейде назар салмауымен, уақыт бөлмеуімен, уытты сөзімен жаныңа қаяу салады. Сосын ұзақ  уақыт үндемей ойланады. Содан кейін кешірім сұрайды. Шын жүректен. Мен оны кешіремін. Әрқашан кешіремін. Себебі, мен де сондаймын. Мен де ренжітіп аламын. Мен де кешірім сұраймын. Шын жүрегіммен. Ол да мені кешіреді. Өйткені, ол да мен секілді. Жер бетіндегі адамдардан еш айырмасы жоқ.

Соңынан ергің келетін ер жігіт ара-тұра шаршайды. Өзінің әлемінде оқшауланып, оңаша кетіп қалады. Соңынан еруге тұратын жігіттердің дені солай етеді. Жалғыздықты сезініп, өмір туралы терең ойланғысы келеді. Немесе достарымен жолығып, өткен-кеткенді сөз еткісі келеді. Жақсы ғой. Өз үңгіріне кіріп алып, өмір туралы толғанғысы келсе, тұсау болмаймын. Сәл тынығып, жаңа күшпен, шабытпен қайтып оралады. 

Соңынан ергің келетін азамат өз сезімі туралы көп айтпайды. Бастапқы кезде сүйетінін білдіртеді. Сен оның өмірінде өте маңызды адам екеніңді сезесің. Ары қарай тек сені бақытты ететін қадамдарды жасайды. Айтпайды. Тек жасайды. Жұмысқа барады. Ісін дөңгелетеді. Білімін жетілдіреді. Кейде арақашықтықты сақтайды. Кейде жақындай түседі. Жақындағанда қатты құшақтайды. Көзіңе тура қарайды. Ал, сен  бұл адамның соңынан ергің келетініңді ғана сезесің. Болды. Ішің сезеді.

Кинодағыдай емес. Отшашу, құшақ гүл болмайды. Жәй ғана етене жақының. Сене алатын. Өзіңе сендіре алатын. Оның қасында жәй ғана бақытты боласың.  

Жәй ғана, соңынан ілескің келетін азамат.

Нені ойлап, уайымдайды дейсің бе? Мұндай азамат менің өмірімде бола ма, жоқ па дегенді ойлап отырғаным жоқ. Оған еш алаңым жоқ. Тек... Мен ол армандағандай,  соңынан ерткісі келетіндей әйелмін бе? Білмеймін. Бірақ мен күн өткен сайын құлпырып келем. Білімімді еселеп, жанымның тереңіне үңіліп, жақсылық жасап, өмірді ақ түспен өлшеп. Құлпыра берерім хақ.
Дина Ричардс

Аударған Шынар Әбілдә

Қатысты Мақалалар