«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Facebook-тегі парақшасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауындағы 3 негізгі мәселеге назар аударды.
«Біріншіден, Мемлекет басшысының ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы тұсында жасаған бұл Жолдауы басымдықтарды айқындап, мемлекет пен қоғамның әрі қарай даму бағытын белгілеп қана қоймай, сонымен бірге осы жылдар аралығында жүріп өткен жолымызды да қорытындылайды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауының басында айтқандай, «Қазақстан Тұңғыш Президентіміз – Елбасының дара саясатының арқасында табысты ел ретінде бүкіл әлемге танымал болды. Ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құрдық. Іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналдық. Тұрақты қоғам қалыптастырып, орнықты даму жолына түстік», – деп жазды «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.
Бауыржан Байбек атап көрсеткендей, Қазақстан – бүгінде іргесі берік, тұғыры мығым мемлекет. Мұны ішкі саяси тұрақтылығы, бейбіт сыртқы саясаты және жалпы орнықты экономикасы қамтамасыз етіп отыр. Кезінде оппозицияның «қаражатты таратып беру керек» дегеніне қарамастан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құрған Ұлттық Қор бүгінде біздің экономикалық сілкіністерді еңсеріп қана қоймай, елдің әрі қарай дамуы бойынша жаңа бастамалар ұсынуымызға да мүмкіндік беруде.
«Екіншіден, Жолдау бүкіл әлемді жайлап, елімізді әбігерге салған коронадағдарыс уақытында, азаматтардың әлеуметтік-экономикалық ахуалы нашарлаған және наразылық көңіл-күй артқан күрделі жағдайда жасалып отыр. Осындай кезеңде біз, өкінішке қарай, геосаяси турбуленттіліктің, әлемдік державалардың санкциялық текетірестерінің күшейе түскенін байқап отырмыз. Ауғанстаннан мыңдаған босқындар өз үйлерін тастап кетіп жатқанын көріп отырмыз, бұл, әрине, Орта Азия өңіріндегі және жалпы біздің еліміздегі ахуалға да әсер етпей қоймайды», – деді ол.
Оның пікірінше, мұндай күрделі жағдайда Мемлекет басшысының Жолдауы басымдықтарды айқын белгілеп, қазіргі сын-қатерлерге нақты жауап беріп отыр.
«Ел Президенті Қазақстан үшін ұлттық бірлікті одан әрі нығайту, азаматтық қоғамды дамыту мен экономиканың сапалы өсуі үшін жаңа ынталандыру тетіктерін құрудың басты басымдықтары болып табылатынын атап көрсетті. Бұл қазіргі қиындықтарды табысты еңсеруге мүмкіндік беріп қана қоймай, пандемиядан кейінгі кезеңде ел дамуын қамтамасыз етуге де жағдай тудырды», – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.
Үшіншіден, Бауыржан Байбек Мемлекет басшысының саяси жаңғыртуға, азаматтық қоғамды дамытуға, жаңа әлеуметтік стандарттарды ендіруге, отандық бизнесті қолдауға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға, сондай-ақ мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталған бағдарының жүйелі әрі табанды іске асырылып жатқанын атап көрсетті.
«Жыл сайынғы жолдаулар мен ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Nur Otan» партясының ХХ Съезінде жария еткен «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» Сайлауалды бағдарламасының іске асырылу барысы денсаулық сақтау жүйесінің сапасы, білімнің қолжетімділігі, цифрландыру, өңірлерді дамыту секілді маңызды мәселелердің қашанда басты назарда екенін көрсетеді. Қарапайым қазақстандықтарға атаулы, нақты қолдау көрсетуге, олардың әл-ауқатын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде», – деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне азаматтардан келіп түскен 100 мыңнан астам өтінішке жасалған талдау, сондай-ақ «Nur Otan» депутаттарының халықпен көптеген кездесулерінің қорытындысы бүгінде ең өзекті 3 мәселеге бағалардың өсуі, коммуналдық тарифтердің көтерілуі және баспанамен қамтамасыз ету жататынын көрсетіп отыр. Осыған байланысты Мемлекет басшысының пандемия жағдайында халық табысын арттыруға және тұтынушылық сұранысты ынталандыруға бағытталған 5 бастамасы дер уақытта ұсынылып отыр, деп санайды Бауыржан Байбек.
Ең төменгі жалақы мөлшерін 60 мың теңгеге дейін ұлғайту, бизнесті қызметкерлерінің жалақыларын көтеруге ынталандыру шараларын іске асыру, шағын және орта бизнес үшін салықтық ауыртпалықты 34-тен 25%-ке дейін төмендете отырып, еңбекақы қорынан бірыңғай төлем ендіру, азаматтық қызметкерлер санатындағылардың басым бөлігінің жалақыларын жыл сайын 20%-ке көтеру, сондай-ақ тұрғын үй несиелерін алу шарттарын әрі қарай оңтайландыру еліміздің бүкіл дерлік азаматтарын қамтитын шаралар болмақ. Сарапшылардың бағалауы бойынша, ең төменгі жалақы мөлшерінің ұлғаюының өзі ғана экономиканың 1,5%-ке өсуіне әкеледі.
«Nur Otan» билеуші партия ретінде Жолдау мен «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты Сайлауалды бағдарламаның іске асырылуына жүйелі қоғамдық бақылауды қамтамасыз ететін болады. Жыл басынан бері республикалық деңгейде сайлауалды уәделердің 11%-ті және өңірлік деңгейде 12%-ті орындалды. Нақты цифрлармен көрсетсек, бұл – 7,7 млн. шаршы метр тұрғын үй, 12,2 мың орынға арналған 34 мектеп пен 4,5 орынға арналған 68 балабақша, 160 мыңнан астам жұмыс орны бар 77 жаңа кәсіпорын. Жыл соңына дейін тағы да 200 әртүрлі әлеуметтік нысан, оның ішінде жаңа мектептер, ауруханалар және т.б. пайдалануға беріледі», – деді Бауыржан Байбек.
Постта айтылғандай, көлік және инженерлік инфрақұрылымды ауқымды түрде дамыту жеке блок бойынша іске асырылуда.
«Достар! Мемлекет басшысы атап өткендей, «Біз тұғыры мығым ел болу жолында кедергілерді еңсеріп, қиындықтарды жеңіп келеміз. Мұның бәріне берекелі бірлік пен еселі еңбек арқылы жеттік. Еліміз Тәуелсіздік жылнамасының төртінші онжылдығына қадам басқалы тұр. Бұл кезеңнің оңай болмайтыны қазірдің өзінде айқын байқалуда. Сондықтан, кез-келген сын-қатерге дайын болуға тиіспіз. Тынымсыз ізденіп, ұдайы алға ұмтылуымыз қажет». «Nur Otan» адамдар игілігі жолында жұмыс істеп жатқан мақсаты айқын, нақты істер партиясы ретінде ел Басшылығы қойған міндеттер мен қазақстандықтар алдындағы өз сайлауалды уәделерінің барлығының іске асырылуын қамтамасыз етеді. Біз біргеміз! Қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз!», – деп түйіндеді ол.
Пікір қалдыру